Шартты түрде сотталған қазақстандықтарға қатысты жаңа заң жобасы қабылданды

1 Сәуір 2021, 11:04
2499
Бөлісу:
Шартты түрде сотталған қазақстандықтарға қатысты жаңа заң жобасы қабылданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «ТМД-ға  қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Конвенцияға Ашхабад қаласында 2019 жылы Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Президенттері қол қойған.

Конвенцияның негізгі мақсаты – әр азаматқа өз жазасын, тұрғылықты жері бойынша өтеуге мүмкіндік беру. Конвенцияға сәйкес, сотталушы немесе оның заңды өкілі, өз жазасын тұрғылықты жерінде өтеу туралы өтініш береді. Өтініш бойынша сол елдің Бас прокуратурасы сұрау салады,- дейді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сұрау салуға мына құжаттар қоса беріледі: 

- сотталушының азаматтығы;
- оның жазбаша келісімі;
- сот шешімінің көшірмесі;
- мінездеме;
- келтірілген шығын туралы мәліметтер.

Жазасын өтеушіні қабылдайтын мемлекет, белгіленген жазадан қатаң емес жаза тағайындайды. Жазасын өтеуші, шешім қабылданған соң 45 күн ішінде өз бетінше елден шығуы тиіс. Ал егер бұл талап орындалмаса, заң бойынша мәжбүрлі түрде елден шығарылады, - дейді министр.

Сұрау салудан бас тарту негіздері де қарастырылған:

• Ұлттық заңнамаға сәйкес, жазасын өтеушінің әрекеті қылмыс болып табылмаса;
• Қылмыстың мерзімі өтіп кетсе;
• Ел тәуелсіздігіне, ұлттық қауіпсіздікке қауіп болса;
• Жазасын өтеу мерзімі 6 айдан аз болса;
• Ұлттық заңнамаға қайшы өзге де жағдайларда бас тартылады.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта елімізде 447 шетел азаматы пробацияда тұр. Өзбекстаннан 216, Ресейден 138, Қырғызстаннан 38, Армениядан 5 азамат.

Ал өзге елдерде 280 Қазақстан азаматы жазаға тартылған. Ресейде 251, Өзбекстанда 24, Қырғызстанда 2, Беларусьте 3 азамат.  

Қазақстан бұл Конвенцияға ескертпемен қол қойды.

Тағы бір атап өтетін мәселе – дүниежүзінде осындай әлемдік тәжірибе бар. Еуроодаққа мүше мемлекеттер осы Конвенцияға ұқсас декларация қабылдаған. Осы заңды қабылдау - жазасын өтеушілерді тұрғылықты жері бойынша қайтаруға, олардың қоғамға тиімді оралуына мүмкіндік береді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы