Бас жаңалықтар
Шағын және орта бизнесті несиелеу бағдарламасы жұмысын бастады
02 Сәуiр 2020, 15:18 157

Шағын және орта бизнесті несиелеу бағдарламасы жұмысын бастады

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстанның 12 банкі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын қолдап, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық ахуалы төмендеген шағын және орта бизнесті қолдауға арналған жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске асыруға кірісті. Бұл бағдарламаны іске асыру үшін Ұлттық Банк 600 млрд теңге бөлді. 


Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп әзірлеген бағдарламаға сәйкес шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ дара кәсіпкерлер айналым капиталын толықтыру үшін жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша 12 ай мерзіміне кредит алуға банктерге өтініш жасай алады. 
Бизнес қарыз қаражатын тауарларды және өзге де материалдық құндылықтарды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алуға; қорларды, шығыс материалдары мен шикізатты толықтыруға; ассортиментті кеңейтуге; шарттық міндеттемелерді орындауға; ағымдағы шығыстарды, оның ішінде әкімшілік шығыстарын жүзеге асыруға, мысалы, қызметкерлерге жалақы төлеуге, салықтар төлеуге және тағы басқаға жұмсай алады, - делінген хабарламада.

Кәсіпкерлер кредиттік желілер шеңберінде жаңа қарыздар не жаңа қаржыландыру ала алады. Жеке кәсіпкер үшін белгіленген лимит 50 млн теңге, ал шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін 3 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте, жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы ешқандай салалық шектеулерді көздемейді.

Қарыз талаптарын бұзғаны және (немесе) өзгерткені үшін өндіріп алынатын комиссияларды қоспағанда, бағдарлама шегінде қарызды бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссия алынбайды.
Төменде көрсетілген жағдайлар: төтенше жағдай режимі кезеңінде және ол тоқтатылғаннан кейінгі 2 ай ішінде өткізілген тауарлардың және (немесе) қызметтердің көлемінің азаюы, сатып алушылар тарапынан төлемдердің кешіктірілуі, қызметкерлердің штат санының қысқаруы жеңілдетілген несие алуға себеп бола алады, - делінген хабарламада. 

Қарыз алу үшін қажетті негізгі құжаттар тізбесі:

-  Кепілгердің (жеке тұлға) жеке басын куәландыратын құжат;

- Құрылтай құжаттарының топтамасы;

- Мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, не тіркеу есебіне алынғанын растайтын өзге құжат;

- Қол қоюдың үлгілері және мөр бедерінің үлгісі бар (мөр – болған кезде) құжат; 

- Уәкілетті органның қаржыландыруды тарту туралы шешімі;

- Соңғы есепті жылдың қаржылық есептілігі;

- Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешектің болуын немесе болмауын растайтын құжат;

- Басқа банктерде несиелік берешектің болмауы/болуы туралы мәліметтер;

- Кепіл (кепілдік қарыздар) бойынша құжаттардың топтамасы;

- Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің қаржылық ахуалының нашарлауы туралы ақпарат.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...