Бас жаңалықтар
ШҚО-да балық құтқару жұмыстары қарқын алуда
PHOTO
25 Қыркүйек 2020, 20:00 169

ШҚО-да балық құтқару жұмыстары қарқын алуда

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірдегі кіші-гірім көлшіктерде үлкен суға шығатын жолы жабылып қалған балықтарды құтқару жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Қытайдан келетін Қара Ертіс өзені көктемгі кезде қар суына толығып, Зайсан көлін ернеуінен асырып жібереді. Сол уақытта көлдің жағалауындағы ой-қырларға су толып, балықтың біразы сол көлшіктерге уады. Су қайтқан уақытта жолы жабылып қалатын мыңдаған балық сол көлшіктерді мекендеуге мәжбүр болып қалады. Қыс маусымында жаңағы көлшіктердегі су түгелдей мұз болып қатып, ішіндегі балықтар қырылады. Көктемде мыңдаған тонна балық шіріп, тасқын сумен қайтадан көлге келіп құйылады. Осылайша, көлдің суы уланады. Бұл өз кезегінде экологиялық апатқа алып келеді, - дейді «Байтоғас» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы Болатхан Асылханов.

Осы уақытқа дейін Қара Ертіс өзенінің маңындағы көлшіктерде қамалған балықтарды құтқарып келген кооператив жұмысшылары, 2020 жылдан бастап Зайсан көліндегі өздеріне бөлінген жерге жіті назар аударып, қалың қамыстың арасында қамалған көл байлығын құтқаруды бастап кеткен. Осы уақытқа дейін мұндай учаскелерге көп назар аударылмай келгенін айтқан ол, кооперативтің егерлік қызметі мамандары Зайсан аудандық балық инспекциясы мамандарымен бірлесе отырып көл жағасын аралап, осындай бірнеше аумақты анықтаған.


Балық құтқару жұмыстары барысында жұмысшыларымыз көл баында жата-жастанып жұмыс істеді. Осылайша, бір ғана көлшіктен екі мыңнан астам балықты сүзіп алып отырдық.  Өстіп, үстіміздегі жылы ғана құтқарған балығымыздың мөлшері екі миллион данадан асты, – деп қосты Болатхан Асылханов.


Олар құтқарылған балықтарды су толтырылған бөшкелерге орналастырып, Қара Ертіске және Зайсан көліне төкті. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының берген мәліметіне сүйенсек, мұндай жұмыстар бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп келе жатқан көрінеді. 2019 жылы аталмыш жұмыстар Зайсан көлі мен Бүқтырма бассейнінің 12 резервтегі және 15 қолданыстағы учаскелерінде жүргізіліп, 8,3 млн балық құтқарылған екен.

Үстіміздегі жылы балық құтқару жұмыстары жаңа басталып жатыр. Биыл алғашқылардың бірі болып «Байтоғас» пен «Рыбаки Зайсана» шаруашылықтары осы жұмыстарды жүргізе бастады. Қазіргі уақытта Байтоғастың құтқарған балығы 2 100 000 дана болса, «Рыбаки Зайсана» кооперативінікі 1,3 миллионнан асып жығылды, – дейді облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Фархат Байбазаров.

Фото: дереккөз
Загрузка...