Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді депутаттар қарауына 1989 жылғы 15 желтоқсанда қабылданған «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.
Бұл хаттама БҰҰ 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні дамытуға қабылдаған екінші халықаралық құжат болып табылады, оны Қазақстан Республикасы 2005 жылдың қараша айында ратификациялаған. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы негізгі халықаралық құқық қорғау актілеріне қосылу, сондай-ақ өзінің БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ға мүшелігі тұрғысында қабылданған адам құқықтары саласындағы міндеттемелерге сәйкес өлім жазасын қолдану саласын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру саясатын жүргізуде, - деді министр.
Ол атағандай, Қазақстан Республикасында өлім жазасын қолдану ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының 2003 жылғы 17 желтоқсандағы тиісті мораторий енгізу туралы Жарлығымен толығымен тоқтатылған болатын.
Өткен жылы желтоқсанда ҚР Президенті Қ.Қ.Тоқаев Қазақстанның екінші Факультативтік хаттамаға қосылу рәсімін бастауды тапсырды. Осылайша, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, 23 қыркүйекте БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Қайрат Омаров екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды, - деп баяндады СІМ басшысы.
Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы ҚР Заңына (11-бабының 1) және 2) тармақтарына) сәйкес, екінші Факультативтік хаттама ҚР Парламентімен міндетті ратификациялауға жатады.
Осы халықаралық құжатқа сәйкес, қол қоюшы елдер біріншіден, өлім жазасын қолданбау және екіншіден, өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Жалғыз ерекшелік соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы заңды түрде ресімделген ескертпе болған жағдайда рұқсат етіледі. Қазақстан конвенциямен қарастырылған өлім жазасын қолдануды көздейтін жалғыз ескертпе жасау мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасы екінші Факультативтік хаттаманың 2–бабына сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады, - деп айтты Мұхтар Тілеуберді.
Ол заң шығарушы қандай да бір қылмыс үшін өлім жазасын белгілеу кезінде Конституция нормасында белгіленген шектен шығуға құқылы емес екенін айтты.
Өлім жазасын алып тастау мәселесі тек заңды ғана емес, сонымен бірге моральдық-этикалық өлшемге ие екенін түсінеміз. 2003 жылы өлім жазасын қолдануға мораторий енгізілгеннен кейін, біздің елде жоғары жаза шарасын қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасқанын атап өткім келеді. Біз бұл қадам еліміздің халықаралық аренадағы беделін арттыратынына кәміл сенеміз. Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып табылады және мемлекет барлық адамдар үшін осы құқықтың жүзеге асырылуына кепілдік беруге міндетті, - деп түсіндірді министр.