Балабақшаның әдіскері педагогті газеттерге жазылуға мәжбүрлегені үшін жазаланды

29 Желтоқсан 2020, 10:35
2234
Бөлісу:
Балабақшаның әдіскері педагогті газеттерге жазылуға мәжбүрлегені үшін жазаланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Түлкібас ауданы Састөбе ауылының «Қарлығаш» балабақшасы тәрбиешісінің шағымы бойынша әкімшілік істі қарады.

Ақмарал Бүрлібаева Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған бейнешағымында өзін мектепке дейінгі мекеменің басшысы газеттерге жазылуға күштеп жатқаны туралы айтып шағымданған болатын. 

Балабақша әдіскеріне қатысты ҚР ӘҚБТК 409-бабының 7-3-тармағы және 409-бабының 7-6-тармағы бойынша газеттерге жазылуға мәжбүрлеу және педагогикалық әдептің сақталмауы туралы екі әкімшілік іс қозғалды. Осыған байланысты ҚР заңнамасымен бекітілген талаптарға сәйкес ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік қолданылды және 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл алдын ала қараудың қорытындысы, — деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова. 
Педагогтердің газеттер мен журналдарға жазылуы ерікті түрде жүзеге асырылуы тиіс екенін естеріңізге сала кетейік.  

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәліметінше, жазылуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Құқықтары мен мүдделері бұзылған жағдайда мұғалімдер өңірлік білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттеріне жүгіне алады.



Өзгелердің жаңалығы