Сенаторлар мемлекеттік сатып алу рәсімін өзгертуді ұсынды

21 Қазан 2021, 15:34
3662
Бөлісу:
Сенаторлар мемлекеттік сатып алу рәсімін өзгертуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат депутаттары бір компанияның бір құрылыс нысанында инжинирингтік қызметтер мен құрылыс-монтаждау жұмыстарын алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысуына тыйым салуды ұсынды. 

Сондай-ақ, сенаторлар электрондық дүкенді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың бәсекелі тәсілдеріне қосудың маңызды екеніне назар аударды.

Негізгі өзгерістер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейді. Оның ішінде конкурс өткізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға баса мән берілген. Заң жобасы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатып, артық реттеуді жоюға жол ашады. Сол арқылы мемлекеттік сатып алуларды тиімді өткізіп, мемлекет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік аламыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат депутаттары бүгінгі Палата отырысында тиісті заң жобасына осындай және басқа да түзетулер енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. 

Сенаторлар бұған дейін заң жобасында белгіленген бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қажетті негіздердің санын қысқарту жөніндегі жаңашылдыққа, осындай сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшыларының жеке жауапкершілігін арттыруға және тағы басқа басымдықтарға қолдау білдірді. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және салынып жатқан нысанның сапасын жақсарту үшін маңызды.

Өзгелердің жаңалығы