Сенатор Мамытбеков зираттарды күтіп ұстау туралы заң әзірлеуді ұсынды
11 Қараша 2021, 12:00 85

Сенатор Мамытбеков зираттарды күтіп ұстау туралы заң әзірлеуді ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Еділ Мамытбеков жерлеу және зираттарды күтіп ұстауға қатысты проблемаларды көтерді.

Ол осыған қатысты депутаттық сауалын еліміздің Премьер-министрі Асқар Маминнің атына жолдады.

Депутат 2017 жылы сенатор Ольга Перепечина «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу қажеттігі туралы сауал жария еткенін айтты. Алайда салалық мемлекеттік органдар бұл мәселені елемей, сөзбұйдаға салып жіберді.

Енді Еділ Мамытбековтің айтуынша, қазіргі кезде заңнамалық актінің болмауы болашақта проблемаға әкеліп соғуы мүмкін.

Қазақстанда салт пен жөн-жоралғы қызметін көрсететін жеке фирмалар пайда бола бастады. Өйткені олар үнемі сұранысқа ие. Олардың саны қаулап өсіп барады. Заң қабылданса, осындай маңызды саланы бақылап қана қоймай, оның қызметтерін азаматтарға қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, жерлеу мәселелерін реттейтін заңнамалық актінің болмауы түрлі құқық бұзушылықтарға алып келеді. Қылмыстық түрде жерлеу, заңсыз бизнесті жүргізу фактілері де болуы ықтимал, эксгумация мен жерлеудің нақты ережелері болмай отыр, - деп атап өтті сенатор.

Айтуынша, бүгінде кейбір өңірлерде мәслихаттардың шешімдерімен жерлеу және бейіттерге күтім жасауды ұйымдастыру ережелері бекітілді.

Біздің еліміздің бірегейлігіне қарамастан, біркелкі ережелер мен жерлеу істерінің бірыңғай стандарты жоқ екенін мойындау керек. Әр аймақ өз қалауы бойынша өз ережелерін бекітеді. Оның үстіне бұл ережелер көбіне маңыздыларын қалдырып, 15-20 болмашы мәселені реттейді, - дейді Мамытбеков.

Депутат осыған байланысты Премьер-министрден салалық мекемелерге жерлеу, қою және зираттарды күтіп ұстау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актіні әзірлеу жөнінде шаралар қабылдауды сұрады.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...