Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 12 тамыз күні өтетін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға Шығыс Қазақстан өңірі бойынша үш кандидат тіркелді.
Бұл туралы бүгін ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 11 маусымдағы №351 Жарлығына және Орталық Сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 12 маусымға белгіленген ҚР Сенаты депутаттарын сайлауға байланысты облыстық Сайлау комиссиясы 13 маусымнан бастап дайындық жұмыстарын бастап кетті. Облыстық сайлау комиссиясы құрамына комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, комиссия хатшысы мен басқа да төрт мүшесі кіреді.
Сайлау туралы еліміздің конституциялық заңы мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутаттарды сайлауға дайындық пен оны өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес, облыстық Сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутаттығына үміткерлердің сәйкестігін анықтады. Сайлау туралы заңға сәйкес, әр үміткер Қазақстан аумағында 10 жылдан, ал Шығыс Қазақстан облысы аумағында 3 жылдан кем емес уақыт тұрғылықты тұруы қажет. Облыстық Полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, барлық кандидаттың бұл нормаға сай екендігі анықталды. Барлық кандидаттың соттылығы, сыбайлас жемқорлық фактілеріне қатысы болған жоқ. Жоғары білімді, еңбек жолдары бес жылдан жоғары. Сондай-ақ, олардың жастары 30-дан жоғары, - деді баспасөз мәслихаты барысында сөз алған облыстық Сайлау комиссиясының хатшысы Галина Романовская.Оның айтуынша, ҚР Парламентінің Сенаты депутаттығына кандидаттардың деректерінің заңға сәйкестігі анықталған соң, облыстық Сайлау комиссиясы отырыс өткізіп, депутаттардың сенімді өкілдерінен өтініштер қабылдаған. Бүгінгі таңда барлық 76 сенімді өкілдің жинаған қолдау қолдары қабылданып, ішкі істер органдары арқылы олардың сәйкестігі тексерілген. Нәтижесінде, облыстан Сенат депутаттығына үш кандидат анықталды.
Сенат депутаттығына өңірімізден үш адам өз кандидатурасын ұсынды. Олар: Бородулиха ауданының әкімі - Ольга Булавкина, Риддер қалалық мәслихатының хатшысы - Игорь Панченко мен облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың бас дәрігері - Юрий Старокожев. Азаматтардың барлық деректері заңға сәйкес және олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып келеді, - деп қосты облыстық Сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова.
Облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің хабарлауынша, ҚР Парламенті Сенатына депутаттыққа кандидаттарды тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады. 23 шілде – 11 тамыз аралығында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 12 тамыз күні аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасайтын болады.