Сенат "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасы мен ілеспе заңды Мәжіліске қайтарды

11 Маусым 2020, 15:03
1863
Бөлісу:
Сенат "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс жобасы мен ілеспе заңды Мәжіліске қайтарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенаторлар "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР кодекс жобасын және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын талқылады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Нәтижесінде Сенат заң жобаларын талқылау барысында ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, оларды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қаралған заң жобалары отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді.

Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзету енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықты қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Кодекстің 77-бабына енгізілген өзгерістер Қазақстан Республикасының азаматтары «емдеуге және басқа да медициналық араласуларды, оның ішінде профилактикалық егулерді жүргізуге ақпараттандырылған келісім беруге немесе бас тартуға» құқылы екенін нақтылауды көздейді.

Ал 78-бапта «қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында» репродуктивті денсаулығын қорғау туралы ақпаратты қолжетімді түрде алу жөніндегі баланың құқықтары туралы тұжырымдамадан бас тарту ұсынылды. Түзетулер бойынша балалардың «репродуктивті денсаулығын қорғау туралы ақпаратты қолжетімді түрде алуға» ғана құқығы бекітіледі.

Заң жобасындағы өзгерістер індеттер мен жұқпалы аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда мемлекеттік санитарлық бас дәрігердің шектеу іс-шараларын енгізу құқықтарын нақты реттейді және жүйелендіреді.

Сонымен қатар отырыста Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің «дәрігерлік қателіктер» үшін жауапкершілігін заңнамалық реттеу мәселесі қаралды.

Қылмыстық кодексте 7 баптан тұратын «медициналық қылмыстық құқық бұзушылықтар» деген арнайы тарау сақталып отыр. Қоғамға төнетін қатер дәрежесінің төмендігіне байланысты, егер оны лауазымды адамдар жасамаса не ауыр зардаптарға әкеп соқпаса, клиникалық зерттеулер жүргізу және профилактиканың, диагностиканың, емдеу мен оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолдану тәртібін бұзу әкімшілік құқық бұзушылық қатарына ауыстырылады.

Негізсіз өтініштер бойынша дәрігерлерді қудаламау үшін қылмыстық істі қозғауға сараптама комиссиясының қорытындысы қажет болады.

Сенат Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіндегі тиісті түзетулерді мақұлдады.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын екі оқылымда қабылдады.

Бұл құжат Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін әзірленген. Заң жобасының басты мақсаты – бұзылған немесе даулы материалдық субъективті құқықтарды немесе заңмен қорғалатын мүдделерді нақты қорғауды қамтамасыз ету мақсатындағы сот актілері мен өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп іске асыру тәртібінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ заң жобасы жала жапқаны үшін жауаптылықты қылмыстық сипаттан арылтуды көздейді.

Заң жобасы сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу құжаттарын, іс-әрекеттерді оңтайландыруға және осы іс-әрекеттердің дәйектілігін айқындауға; жеке сот орындаушылары кеңсесінің қызметін реттеуге; жеке сот орындаушыларының тәртіптік тәжірибесін жетілдіруге; цифрлық технологияларды енгізуге, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға; азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын іске асыруда қылмыстық және әкімшілік заңнаманың ережелерін жетілдіруге бағытталған.

Одан бөлек, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы екі оқылымда қабылданды.

Құжаттың міндеттері – дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды және оның негізгі функцияларын айқындау; цифрлық технологияларды қолдануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасау; бейне мониторингтің ұлттық жүйесін құру және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз белгілеу.

Заңды қабылдау азаматтардың жеке деректерін қорғау жөніндегі заңнамалық кепілдіктерді күшейтуді; индустриялық, инновациялық, сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті органдардың функцияларын ажыратуды; «зияткерлік робот» ұғымын заңнамалық айқындауды; электрондық өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті органды айқындауды қамтамасыз етеді.

Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да талқыланып, қабылданды.

Заң жобасының мақсаты - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу институтының рөлі мен мәртебесін күшейту, сондай-ақ, бизнестің тұтынушылар алдындағы әлеуметтік және материалдық жауапкершілігін арттыру.

Құжат тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жүйесін енгізуге; Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мекемеаралық кеңес құруға мүмкіндік береді. Заң жобасы тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар енгізуге жағдай жасайды; оларды қорғаудың институционалдық жүйесі бекітіледі; тұтынушылардың өкілдері айқындалады; Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тетігі реттеледі.

Бұдан басқа, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Заң жобасының мақсаты – навигациялық пломбаларды және оның инфрақұрылымын пайдалана отырып, транзиттік тасымалдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ, осындай жүйенің ұлттық операторын және оның өзара іс-қимыл тәртібін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен анықтау.

Құжаттың негізгі міндеттеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде халықаралық тасымалдарды қадағалау жүйелерінің ұлттық операторын айқындау жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретін белгілеу; Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автомобиль тасымалдары кезінде навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі заңнама нормаларын бекіту, сондай-ақ, өзара іс-қимыл, пломбаларды жалға алу, жауапкершілік мәселелерін реттеу жатады.

 


Өзгелердің жаңалығы