Сексеуілді қолданғандар жазаланады – экология вице-министрі

9 Қазан 2019, 16:56
3056
Бөлісу:
Сексеуілді қолданғандар жазаланады – экология вице-министрі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сексеуілді қорғау аясында Алматыдағы мейрамханалар арасында «Жасыл мейрамхана» байқауын өткіземіз. Сексеуілді пайдаланатындар жазаланады, ал қолданбайтындар марапатталады. 

Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев "4 тонна құм" атты экологиялық арт-инсталляцияның ашылуы кезінде айтты.

Жиын барысында ол рейдті Ішкі істер органдарымен бірге өткізетіндерін айтты.

«Осы шара аясында қаладағы қай мейрамханалардың жасыл екені белгілі болады.  Ал сексеуілді қолданатындар жазаланады. Сондықтан еліміздің мейрамханалары жайсыз жағдайда қалмаса екен деймін», - деді ол.

Оның айтуынша, сексеуілді пайдалануға тыйым салынса да оны пайдалану жалғасып жатыр. Әсіресе тағам әзірлеуге, оның ішінде кәуап пісіруге көптеп пайдаланатын көрінеді. 

«2014 жылы Үкіметтің қаулысымен сексеуілдің барлық түрін кесуге тыйым салынған. Ал, 2017 жылы сексеуілді сатуға тыйым салдық, дегенмен оған қарамастан сексеуілді сату тиылмай тұр. Сол себептен осы мәселені көтеріп жатырмыз. Оны қорғауға мемлекет қыруар ақша жұмсап отыр. Бізде 29,9 млн гектар орман алқабы болса, соның 6 млн гектарына сексеуіл өседі. Оны сақтап қалу еліміздегі әр адамның азаматтық парызы», - деді ол. 

Сонымен қатар, ол қазір көптеген құмды жерде орналасқан елді мекендерді құм басып жатқанын және оның бәрі осы сексеуілді кесудің салдарынан болып жатқанын айтып өтті. 

«БАҚ арқылы отандастарымды сексеуілді бірігіп қорғауға шақырамын. Заңсыз кесушілерге тосқауыл болайық. Өйткені сол құм ішіндегі біздің ауылдар өсіп-өнеді, олар да тіршілік жасауы керек. Орта Азияда сексеуіл ең көп өскен жері Қазақстан, оны аялай білейік», - деді Ерлан Нысанбаев.

Өзгелердің жаңалығы