Саяси партиялардың теледебаттары қай телеарнадан көрсетілетіні анықталды

15 Желтоқсан 2020, 12:20
1579
Бөлісу:
Саяси партиялардың теледебаттары қай телеарнадан көрсетілетіні анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында саяси партиялардың теледебаттары қай телеарнадан көрсетілетіні мәлім болды. 

Биылғы 10 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы пікірталасты 2020 жылдың 30 желтоқсанында өткізу туралы қаулыны қабылдады.

Телеарнаны анықтау туралы ОСК-ның жазбаша сауалына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Хабар» телеарнасының эфирінде телевизиялық сайлауалды пікірсайыстарын өткізуді ұсынды. «Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайыстарын өткізу регламентін әзірлеп, келісу үшін ОСК-ға бағыттады.

Регламент жобасында дебаттарды өткізу тәртібі көзделген. Атап айтқанда, қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, өткізу тілі мен ұзақтығы. Регламент жобасы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына, сондай-ақ сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарына сәйкес келеді.

Осыған байланысты, Орталық сайлау комиссиясының «Хабар» агенттігі базасында теледебаттар өткізу туралы қаулысы қабылданды, пікірсайыстар өткізу регламенті келісілді, сондай-ақ саяси партиялармен айқындалған теледебаттарға қатысушылардың келесі құрамы бекітілді:

1) «ADAL» саяси партиясынан - Саяси кеңестің мүшесі Эльдар Жұмағазиев;
2) «Ақ жол» демократиялық партиясынан-партия төрағасы Азат Перуашев;
3) «Ауыл» халықтық - демократиялық патриоттық партиясынан-партия төрағасы Әли Бектаев;
4) Қазақстан Халық партиясынан-партия төрағасы Айқын Қоңыров;
5) «Nur Otan» партиясынан - партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

Өзгелердің жаңалығы