Бас жаңалықтар
Сауда ойын-сауық орталықтары мен кинозалдарға нөлдік салық ставкасы енгізілді
21 Наурыз 2020, 10:34 180

Сауда ойын-сауық орталықтары мен кинозалдарға нөлдік салық ставкасы енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайты Үкіметтің 2020 жылғы 20 наурыздағы №126 Қаулысын жариялады. 



"Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285, "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 және "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы №287 жарлықтарына сәйкес салық-бюджет саясатының мәселелерін реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ етеді:

Қоса беріліп отырған республикалық бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібі бекітілсін.
2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезеңде:

ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мүлік салығының;

ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бойынша жер салығының;

салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлердің жеке табыс салығының мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициенті енгізілсін.

Мөлшерлемелерге осы қаулының 2-тармағында көрсетілген "0" түзету коэффициентін қолданған кезде салық базасын, салық салу объектілерін, салық кезеңін және салық міндеттемелерін орындауды айқындау "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы

25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асырылады.

Осы қаулының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілер үшін барлық салықтар бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдарды есептеу 2020 жылғы 15 тамызға дейін тоқтатыла тұрсын және салық есептілігін тапсыру мерзімі 2020 жылғы 3-тоқсанға ауыстырылсын.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі ірі қара малды және асыл тұқымды балапандарды қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне енгізуді қамтамасыз етсін.

Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...