Қарағандыда сарбаздың денесі табылды

21 Ақпан 2019, 08:57
2749
Бөлісу:
Қарағандыда сарбаздың денесі табылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды іргесіндегі №6505 әскери бөлімінде төтенше жағдай орын алды. 20 ақпан күні 18 жасар сарбаздың денесі табылды. Оның басына оқ тиген. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Қайғылы оқиға Қарағанды облысы, Долинка елді мекеніндегі қылмыстық-түзету мекемесінің аумағында орын алған. Мұнда 19 ақпан күні №6505 әскери бөлімінің сарбазы өзімен бірге әскери борышын өтеп жүрген солдаттармен бірге түзету мекемесінің күзет бөліміне қызметке келген. 20 ақпан күні таңертең сарбаздың өлі денесі мұнараның ішінен табылған. ҚР Ұлттық ұлан гвардиясы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай сарбаз өзін-өзі басынан атқан.

«Шамамен 07 сағат 30 минутта №6505 әскери бөлімінің екінші атқыштар батальонында әскери қызметін атқарып жүрген Сапа Әліби Ерікұлы бас аумағынан өзін-өзі атқан. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қазір оқиға орнында орталық аймақтың әскери тергеу басқармасының жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қызметтік тексеріс жүргізілуде. Әскери бөлімше қаза тапқан сарбаздың туғандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұлан гвардиясы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.

Қаза болған сарбаз 2000 жылы туылған. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Алматы облысы, Талғар ауданынан әскерге шақыртылған.

Бұл - Қарағандыдағы №6505 әскери бөлімінде соңғы жарты жылда орын алған екінші қайғылы жағдай. 2018 жылдың қыркүйек айында аталған әскери бөлімде келісімшарт бойынша әскери қызметін атқарып жүрген сарбаз өзін-өзі атып тастаған болатын.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы