Тозығы жеткен төсектер, сақталмайтын санитариялық талаптар

30 Сәуір 2019, 15:35
2664
Бөлісу:
Тозығы жеткен төсектер, сақталмайтын санитариялық талаптар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төсек-орындар ескі, гигиеналық заттар жетіспейді, техникалық байқаудан өтпеген вагондар жолаушылар тасымалдап жүр.

Бұл «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесі аясында «Адал жол» жобалық тобымен жолаушылар пойыздарында өткізілген рейдтер барысында анықталған кемшіліктердің бірқатары ғана.

«Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мен Қызылорда облысының көліктік бақылау инспекциясы мамандарымен бірлесе отырып жолаушылар пойыздарында рейд жұмыстарын жүргізген.

Рейд барысында №41 «Алматы - Атырау» жолаушылар пойызының 17 вагонының 16 вагонында төсек-орын жабдықтары 2017 жылдан бастап жаңартылмағаны (алты ай сайын жаңартылу қажет), 6 вагонында гигиеналық тазалық заттардың жоқ екені, ауыз су қондырғылары орнатылмағаны анықталған. Тіпті сорақысы 6 айдан бері техникалық байқаудан өтпеген вагонның қолданыста жүргендігі белгілі болған.

Сонымен қатар, тозығы жеткен төсек-орындар, ауыз су құрылғыларының орнатылмауы, гигиеналық заттардық жоқ екендігі №56 «Қызылорда - Көкшетау» пойызында да анықталған.

«ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасында теміржол жолаушылар көлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес қоғам өкілдерімен бірлесе отырып рейдтік жұмыстарды тұрақты түрде өткізудеміз. Облыс көлемінде «Адал жол» жобалық тобы құрылғалы бері жалпы 37 билетсіз азамат анықталып, 13 жолсерік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Теміржол вокзалында жолаушылар пойызына заңсыз ақша алып, билетсіз мінгізіп жіберетін 6 қосалқы көмекші (помогайка) әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылды. Вагондардан техникалық, санитарлық және тағы басқа 80-нен аса кемшіліктер анықталды. Анықталған кемшіліктер негізінде акт толтырылып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделді», - дейді Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев.

«Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен алдағы уақытта да жолаушылар пойыздарындағы көрсетілетін қызметтерге, жолсеріктердің жұмысына, билетсіз жүру фактілеріне мониторинг жұмыстары жүргізілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы