Бас жаңалықтар
Ақмолалық полицейлер сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапиямен емдеуде
30 Қараша 2019, 18:16 4733

Ақмолалық полицейлер сал ауруына шалдыққан балаларды иппотерапиямен емдеуде

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Әр аптаның жұма күні Көкшетау қалалық патрульдік полиция батальонының атты взводының оқу манежінде мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия сабақтары өткізіледі.

Басты мақсат – денсаулығында кінәраты бар, сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру. Қазақтың ежелгі емін қайта жандандырып жатқан полиция қызметкерлерінің игі шарасының шарапаты мол. Олар Көкшетау қаласындағы №4 есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алған.

Бір сеансқа он бала қатысуы мүмкін. Жаз айынан бері 20-ға жуық сабақ өткізілді. Нәтижесіз де емес. Жылқы терапиясынан өткен сал балалардың уақыт өте келе ширай түскенін ата-аналары да байқаған. Шындығына келгенде мұндай емді біздің данагөй ата-бабаларымыз ежелден-ақ қолданған. Олар жылқының еті, сүті, тіпті өзі арқылы мешел, сал балаларды емдеу тәжірибесін жасап жүрген. Қазіргі отандық медицинада қолданылып жүрген емнің осы түрі көнеден бастау алады, - дейді Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастығы Жанат Ешімов.

Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтауға ықпал ететін атты взводтың құрамындағы 18 жылқының барлығы сертификатталған және үйретілген. Әрбір қызметкерге бекітілген жануар бар. Балаларды емдеуге көмектесетін Ричард, Наградной, Черкез, Пробег, Танго, Хан, Инжир деген жылқылар әбден адамның тілін түсініп алған деуге болады. Тәртіп сақшылары адамның жылқымен қарым-қатынасы – жағымды эмоциялар беріп қана қоймай, сондай-ақ ағзаға оң әсер етеді дейді.

Бұл жұмыстардың барлығы «Мейірім» балалардың дамуын түзету орталығымен бірлесіп жүргізіледі. Бала атқа мініп жүргеннен кейін жақсы сөйлеп, қозғала бастайды, ашық, епті, шыдамды болады, қарым-қатынасқа бейімделеді. Жылқылар да баланың жақсы көңіл-күйін сезініп, оған көмектескісі келіп тұрғандай жүрісін баяулатып, оның қорқынышын сейілтуге барынша тырысатындай. Қамбар ата түлігінің бұл да бір қасиеті. Жылқы малы қашанда ердің қанаты, қолдаушысы болып келген ғой. Ұйықтаса жалын төсейтін қасиетін айтсақ та жеткілікті. Ат үстінде отырған бала өз қимылдарын үйлестіруге үйренеді, ұйып қалған бұлшық еттерінің негізгі топтары жұмыс істей бастайды. Тұрақты сабақтан кейін ата-аналары кейбір баланың тіпті жүрісінің жақсарғанын айтып, қуанып жүреді, - дейді тәжірибелі кавалеристер.

Жылқы терапиясы сал ауруына ең тиімді емдік тәсіл екенін айтады дәрігер мамандар.

Ат үстінде отырған адамның барлық бұлшықеті жұмыс істейді, бойын жинауға үйренеді. Мүмкіндігі шектеулі балаға ең керегі – осы жаттығу. Сондай-ақ бала жылқыны жақсы көріп, онымен сырласады, көңілі көтеріледі. Сондықтан сал ауруына шалдыққан балаларды қорықпай осы емге әкелуге болады, – деп түсіндірді дәрігер-терапевт Баян Уахитқызы.

Ал, иппотерапия еміне жаздан бері баласын әкеліп жүрген Анна Иванова оның дене белсенділігі артып, жаңа қабілеттері ашыла бастағанын айтады.

Сал ауруына шалдыққан 5 жасар Максим Черкез есімді қызметтік атқа әбден үйреніп алды. Көрген кезде қуанып, көңіл-күйі бірден көтеріледі. Бастапқыда атқа арқасын беріп жатқызып жүргізіп, кейін етпеттеп жатқызып жүргізді. Бірте-бірте бойын тіктеп отыруға дағдыланды. Қазір Максимнің ұйып тұратын аяғына аздап күш бітіп, саусақ ұштарын қимылдата бастады. Бойындағы қорқынышы сейіліп, сенімді бола түсті. Тәбеті түзеліп, жылқы терапиясынан өткеннен кейін қатып ұйықтап қалады, - дейді анасы Анна.

Ал, Жанат есімді ұлын емдеуге әкеліп жүрген Алмагүл бұрын басын да дұрыс ұстай алмайтын баласын жылқы малы емдей бастағанын мойындайды.

Дәрі-дәрмекке ғана тәуелді болып, көп уақытымызды жоғалтып алдық. Алайда "Мейірім" орталығының арқасында бұл олқылықтың орны толып, қазір ұлымның денсаулығында үлкен өзгеріс бары байқалады, - дейді Алмагүл.

Полиция қызметкерлері жылқымен емдеу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек.

Ең бастысы, науқас балалардың аяғынан тік тұрып кетуі, одан артық бізге сый да, сыяпат та керек емес, - дейді полицейлер.


Фото: дереккөз
Загрузка...