Бас жаңалықтар
Ресей өз аумағы арқылы өтетін тауар қозғалысына кедергі келтіруде - сенатор
08 Ақпан 2019, 13:03 695

Ресей өз аумағы арқылы өтетін тауар қозғалысына кедергі келтіруде - сенатор

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ресей тарапы Қазақстанға өз аумағы арқылы өтетін тауарлардың еркін қозғалысына түрлі кедергілер қойып келеді. Сенатор Әбдәлі Нұралиев осылай деді.


Сенат депутаты бұл мәселенің анық-қанығын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтен сұрады.

«2015 жылғы қаңтарда ЕАЭО жұмыс істей бастады. Соның аясында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысы жарияланды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап осы экономикалық одақтың жаңа кеден кодексі күшіне енді. Соған қарамастан Ресей тарапы Қазақстанға өз аумағы арқылы өтетін тауарлардың еркін қозғалысына түрлі кедергілер қойып келеді. Мәселен, күні кеше ғана интернет парақтарында Қазақстанға пестицидтерді әкелетін еуропалық жеткізушілерге Ресей тарапынан антидемпингтік баж салығын салу қарастырылып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Бұндай шара өз кезегінде Қазақстанға жеткізілетін пестицидтер бағасының қымбаттауына әкелетіні белгілі. Бұл бір ғана мысал, және де ондай жағдайларды жалғастырып айтуға болады. Осы орайда, бүгінгі күні Үкімет қандай шараларды қолға алып жатыр?», - деп сұрады сенатор Еуразиялық Экономикалық одақтағы Қазақстан Республикасының сауда саясатын іске асыру мәселелері туралы Үкімет сағатында.

Ал Тимур Сүлейменов бұған 2014 жылдан бастап Ресей Федерациясының Батыс елдерімен қарым-қатынасының нашарлауы себеп болғанын айтты.

«Батыс елдері Ресейге санкциялар салды. Ресей Федерациясы өз кезегінде контрсанкциялар қолданып, бірнеше тауар топтарына тыйым салды. Бірақ, теория жүзінде транзиттік тауарларға ешқандай кедергі болмауы керек. Дегенмен, біз өзіміз білеміз, іс жүзінде проблемалар бар. Ресей неден қауіптенеді? Мысалы, транзиттік режимде жарияланған тауарлар Қазақстанға бағытталған, ал олар Ресей Федерациясының аумағында салық, баж төлемей қалып қояды, жоғалып кетеді. Әрине, Ресей қосымша кедергілер, қосымша тексерулер жасайды. Біз өз тарапымыздан Ресеймен бірге өткізу пунктерінің тізбесін, еркін бағыттарын бекіттік. Егер Батыс елдерінің тауары сол бағыттар бойынша жүрсе, ешқандай кедергі болмайды. Әрине, бұл мәселені жүйелі түрде шешуіміз қажет. Оны шешу үшін транзиттік көліктерді спутниктік навигация құралдарымен жабдықтауымыз керек. Өткен жылы пилоттық жоба жүргізілді. Келесі ЕАЭО отырысында оның нәтижелері қаралады. Егер, нәтиже жақсы болса, бұл кедергіні біз толығымен жоямыз деп отырмыз. Ал гербицид бойынша біз вето салдық, сондықтан Ресей қазіргі таңда ешқандай антидемпингтік баж пайдаланбайды», - деп жауап берді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергіге тап болып отыр» деген болатын.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ

Сізден жаңалық