Бас жаңалықтар
80 млн теңгенің концерті. Ерке, Raim&Artur патриоттық тәрбие бере ала ма?
EX PHOTO
25 Қазан 2019, 15:10 5312

80 млн теңгенің концерті. Ерке, Raim&Artur патриоттық тәрбие бере ала ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 9 қарашада елордада "Қазақстан" орталық концерт залында Máńgilik El Daýysy (Мәңгілік ел дауысы) атты ұлттық музыкалық шоуы өтеді. Бұл шараға Ерке Есмахан, Айқын, Ерболат Құдайберген, Нұржан Керменбаев, Мәдина Сәдуақасова, ORDA және Raim&Artur топтары өнер көрсетеді.

5dcee30eb591c0083d074a26ba99fb16.jpg

Мемлекеттік сатып алу веб-порталында Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы "Máńgilik El Daýysy Ұлттық музыкалық патриоттық жоба" мәдени іс-шарасын дайындау және өткізу бойынша қызметтерге тапсырыс берген. Басқарма "Pantograph" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен шарт жасасқан. Шарт веб-порталға 23 қыркүйекте жарияланған. 2 қазан күні екі тарап шартты тікелей жасау арқылы бір көзден сатып алу тәсілімен 80 млн теңгеге (қосымша құн салығын ескерумен) келісімге келген. 

Бұл жоба "Әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шаралар өткізу" бюджеттік бағдарламасының негізінде жүзеге асырылмақ. Мәдениет және спорт басқармасы жариялаған шарттың техникалық сипаттамасын осы сілтемеге өтіп, қарай аласыз.  

d64c52570125421fb8a00e88d9b3bb99.jpg

Іс-шараны 2019 жылдың қыркүйек-қараша айларында Нұр-Сұлтан қаласындағы сыйымдылығы 1000 орыннан кем емес концерттік алаңда өткізу жоспарланған. Шоу өткелі отырған "Қазақстан" ОКЗ үлкен залына 3500 адам сыйып кетеді. 

ckz-qazaqstan-astana (4).jpg

Жоба мақсатына зер салсаңыз, бұл концерт Елбасының "Ұлы Даланың Жеті қыры" мақаласы мен "Рухани Жаңғыру" бағдарламасында, сондай-ақ  Қазақстандағы Жастар жылының негізгі мақсаттарына тұжырымдалған идеологиялық векторларға сәйкес келетін қазақстандық жастардың бойындағы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті, бірлік пен жасампаздықты қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлер мен төзімділікті сақтау мақсатында өткізіледі. 

Жоба идеясы – "Бірге ән сал". Музыкалық жобаға жұлдыздармен "сүйікті әндерін бірге айта алатын" көрермендер тікелей қатысады. Басқарма көрермен шоудың толыққанды қатысушысы болуы арқылы туған елінің мәдениетіне үлес қоса алады деп санайды. Іс-шараның белгіленген тізімінде, яғни сет-парағында жастар үшін мәдени және тәрбиелік функциялары бар танымал әндер пайдаланылады. Осы орайда концертке шақырылған әншілердің репертуарын қарап шықтық. 

Ерке Есмахан "Ғашықпын мен қазақ ұлына" деп шырқайтын "KZ жігіт" деген әні, "Әйелдің бақыты – отбасы" деген жолдары бар "Әйел бақыты" деген әндерін шырқауы мүмкін. 

photo_40276.jpg

Ал Айқынның "Туған жер айналдым сенен" деп басталатын "Туған жер" әні, достықты дәріптейтін "Бір досым керек екен" әні сет-парақтан табылып қалады. "Мен қазақпын", "Біздің жігіттер", "Жауынгер" деген патриоттық әндері бар Ерболат Құдайбергеннің жалғыз өзі шоудың мақсатын ашып тұр. 

Нұржан Керменбаевтың "Қазақтың баласы" деген ән туралы, "Қара бала", "Рахмет" деген мотивациялық, "Әке арманы" деген ата-ананы құрметтеуге арналған әндері бар. 

1455630082gw8jd.jpg

Ал Мәдина Сәдуақасованың "Сарбаздар», "Алматы мен Астана" атты патриоттық әндері, ауыл туралы "Балапан қаз" әні, "Өз-өзіңмен бол", "Армандар орындалады" деген мотивациялық әндері, ORDA тобының "Тәуелсіз Қазақстан" деген патриоттық, "Арман құсым",  "Қағаз кеме" және "Қилы заман" атты тәрбиелік әндері бар. Raim&Artur-дың "Сәукеле" деген әні ғана тапсырыс беруші талабына сай келеді. 

1526885143_bil12.jpg

Хит әндердің мәтіндері көрермендерге ыңғайлы болу үшін LED-экрандарға шығарылады. Шоу әнұранды орындаумен аяқталады. 

Іс-шараға қатысатын танымал музыкалық топтар мен әртістердің әрбір концерттік нөмірінде би ұжымы өнер көрсетеді.

Техникалық бөлімде концерттік алаң шоу-техника саласындағы ең заманауи құрылғылармен жабдықталады деп жазылған. Тапсырыс берушінің ойынша мұндай құрал-жабдықтар мен мамандандырылған техникалық қызметкерлердің үйлесімді жұмысы жоба идеясы мен рухын толық жеткізуге мүмкіндік беретін көрінеді.  

Құрал-жабдықтар:

- L-acoustics әлеміндегі №1 жүйелік массивтер мен сахналық мониторлар; 

- YAMAHA CL5 және PM5DRH ұсынған басқару консольдері;

- DANTE заманауи көп арналы сандық дыбыс тарату желісі;

- PIONEER ұсынған заманауи DJ- құрал-жабдығы;

- Fender, DW, NORD, AMPEG, MESSA  және т.б. ұсынған сахналық құрал-жабдықтар;

- Led-дисплейлердің кең форматты жүйесі;

- Тікелей эфирдің жылжымалы студиясы;

- Audix, Shure, Sennheiser, AKG, Beyerdynamic микрофондары;

- CLAY PAKY брендінің жарықтандыру жабдықтары;

- Layher ұсынған сахналық конструкциялар.

Фестивальдар мен концерттер өткізуге мамандандырылған техникалық қызметкерлердің үйлесімді жұмысы мен құрал-жабдықтар Máńgilik El Daýysy музыкалық патриоттық жобасының идеясы мен рухын толық жеткізуге мүмкіндік береді делінген.

Сондай-ақ, барлық қажетті музыкалық аспап пен әртістердің техникалық райдерларына сәйкес қосымша жабдықтар қамтамасыз етіледі. Жұмыс тобы, яғни Pantograph продюсерлік орталығы іс-шараны барлық қажетті техникалық және шығармашылық еңбек ресурстарымен қамтамасыз ететін жұмыс тобын құрады. Қажет болған жағдайда авторлық сыйақыны төлеуді қамтамасыз етеді. 

Іс-шара аяқталған соң Pantograph 19 қарашаға дейін фото және бейнематериалдарды электрондық түрде шығармашылық есеп береді. 

Шоудың ақпараттық қолдаушысы – Alash Media Group. "Тенгриньюс", "Массагет" сайттары концерт жарнамасын жүргізіп жатыр. 

Билеттер 1000-5000 теңге аралығында.  

Өнер көрсететін әртістердің шығармашылығы жастардың бойындағы патриотизм мен отанға деген сүйіспеншілікті, бірлік пен жасампаздықты қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлер мен төзімділікті сақтауға сай келе ме деген ой туады. Бір жылдары басқарма "ТМД жұлдыздарының қатысуымен" деп ресейлік әншілерді мерекелік шараларға шақыруға асық болатын. Соңғы кезде бұл үрдіс саябырсыды. 

Енді "Рухани жаңғыру" мен жастар жылын желеулетіп "Мәңгілік ел дауысы" деген патриоттық ұлттық музыкалық шоуын өткізбек. Қазақ эстрадасының қазіргі репертуары жастардың патриоттық сезімін оятып, жастарға тәрбие бере алады деуге сену қиын. Мұндай шара бүгін ғана өткізіліп отырған жоқ. Бюджеті жабық мемлекеттік органдардың позитивті имидж қалыптастыруды көздейтін іс-шаралары туралы мемлекеттік сатып алу порталынан білуге болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...