Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

18 Наурыз 2019, 08:07
4869
Бөлісу:
Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ,KZ тілшісі. Қызылжарда аламан айтыс өтті. «Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен» атты республикалық жыр додасы ақын Ерік Асқаровтың 60 жылдық мерейтойына арналды.

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

Аламан – Аманжол Әлтай, Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Қуаныш Мақсұтов, Айтақын Бұлғақов, Серік Қалиев сынды дүлдүлдердің басын қосты. Көрермен залында ине шаншар орын болмады. Таңның атысымен айтысты көру үшін «Жастар сарайына» ағылған халық, мәдениет ордасынан күнді батырып бірақ шықты. 22 ақын қатысқан жыр додасы он сағат бойы жалғасты.

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

«Бүгінгі айтысқа көзден таса болып бара жатқан ақындар келіп отыр. Бір-бірін 20-30 жыл көрмеген айтыскерлер қайта қауышып жатқан жайымыз бар. Ерік – ерекше ақын еді. Олардың заманында сөзге тыйым болған. Жариялылықтың келмей тұрған кезінде «сыбырлап» қана айтылатын әңгімелерді ұлттық сахнасына шығарып, қазақтың санасын тәуелсіздікке үндеді. Еріктің жырлары халықты тәрбиеледі, оның жырларын естіген көпшіліктің арқасы қозып, шулап кететін. Тілімізден, ділімізден айрылыңқырап, мәңгүрттеніп бара жатқан кезде Ерік қатарлы ақындар ұлтты түлетті», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман.

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

Ерік Асқаров – Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданының тумасы. Алматы Көркем театр институтында режиссер мамандығын алған. Телевизия саласымен қатар, әдебиеттің дамуына үлес қосқан. «Қарлығаш», «Жетіген», «Аққудың көгілдірі» атты жыр жинақтарының авторы. Ерік Асқаровтың драматургия саласында да жазған еңбектері бар. Марқұм 2003 жылы жол апатының салдарынан мезгілсіз дүние салған. Ақынның мерейтойына арналған айтысқа баласы – Бекзат Асқаров қатысты. Жас шайыр үлкен сахнаға алғаш шыққанын жасырмады.

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

 «Әкеміз атақты ақын болған соң, үйге шайырлар жиі келетін. Ол маған «айтысқа шығасың» деп талай айтқан еді. Ақындардың балаларының арасында айтыс ұйымдастырамыз деп жоспарлап жүрген кезде әкем жол апатынан қайтыс болды. Мен қасында болатынмын. Көп уақыт ауруханада жаттым. Айтысқа шығу көкейімде жүргенімен, сәті бүгін түсті. Айтыс – үлкен жауапкершілік. Мен де өзімше осы айтысқа дайындалдым. Әкеміз өзі дүние салғанмен, 6 баласына мирас етіп үлкен абыройын тастап кетті. «Жақсы әке – жаман балаға 40 жылдық азық» дегендей, ел ағалары әкеміз туралы ауыз толтырып, көзіне жас алып айтқанда, оны мақтан тұтамыз», - деді ол.

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

«Айтыс» десе, ішкен асын жерге қояр көрермен нағыз тұлпарлардың бәйгесіне куә болды. 

Әсия Бергенова төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен бас жүлде - (2 миллион теңге) Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Серік Құсанбаевқа бұйырды. 

Қызылжарда 22 ақын 10 сағат айтысты

1-орынға (1 миллион теңге) шымкенттік Маржан Есжанова лайық деп танылды. 

2-орынды Қарағанды облысының атынан айтысқа түскен Аманжол Әлтаев иеленді. 

3-орынды қызылордалық Мұхтар Ниязов пен түркістандық Бекарыс Шойбеков өзара бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы