Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалуға әсер ететін 10 тауар анықталды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Біз биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Бұл – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады. Жалпы, аталған тауарлар бойынша барлық өңірде бағалар өсті. Бағалардың ең жоғары өсуі пиязға (2,2 есе) Алматы қаласында, сәбіз (2,5 есе) және картопқа (94,1%) Нұр-Сұлтан қаласында, қызылшаға (54,3%) Батыс Қазақстан облысында, күрішке (35,8%) Қызылорда облысында тіркелді», - деді Ұлттық экономика министрі.
Дәленов бағаларды ұстап тұру үшін жаңа құралдар әзірленгенін айтты.
«Биыл 16 тамызда Ішкі сауда ережесіне енгізілген өзгерістер күшіне енді. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% аспайтын сауда үстемелерін белгілеуді көздейді. Сондай-ақ, отандық азық-түлік тауарларына кемінде 30% сату кеңістігін беру керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жеткізушілерден сауда желілері алатын ретро-бонустарды (сыйақыларды) белгілеуге тыйым салынды. Басқа азық-түлік тауарлары бойынша 5%-ға дейін сыйақы лимиті белгіленді. Екіншіден, биыл 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді», - деді Дәленов.
Ведомство басшысы әкімдіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сауда желілеріне азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұрғаны үшін айналым қаражатын ұсына алатынын айтты. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорлардың резервін қалыптастыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рәсімдері жеңілдетілген. Тауарлар бағасын ұстап тұру үшін сауда ережесі, тұрақтандыру қорлары және сауда желілерін кредиттеу, көтерме-тарату орталықтары, делдалдық операцияларды мониторингілеу және тексеру секілді барлық қажетті құралдар бар. Бұл құралдар жергілікті атқарушы органдарға бағалардың өсуін барынша тиімді тежеуге мүмкіндік береді. Министр әріптестеріне оларды белсенді қолдануды ұсынды.
«Жергілікті атқарушы органдар сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, аталған 10 тауарлардың бағасын бақылауды қамтамасыз ету қажет», - деп сөзін түйіндеді ол.
Бұған дейін ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында азық-түлік бағалары өсуінің жартысы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларына тиесілі екенін, олардың бағасы 9% көтерілгенін айтқан болатын.