Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қызғалдақ Жұбатқанова айтты.
9-20 қыркүйек аралығында Қазақстанның 5 облысында құс тұмауы тіркелді. Осыған орай Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан 17 қыркүйектен бастап солтүстік өңірдің 7 ауданында шектеу енгізілді. Яғни, тірі құс және құс өнімдерін шығаруға шектеу қойдық. аталған жеті аудан - Тимирязев, Мүсірепов, Тайынша, Шал ақын, Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар аудандары. Сонымен қатар, солтүстік өңірде 19 қыркүйектегі мәлімет бойынша, Айыртау ауданында да құс тұмауы тіркелді. Осыған орай біз Айыртау ауданының тек Қарақамыс ауылына шектеу қойдық, - деді ол.
Қызғалдақ Жұбатқанова шектеу қойылған өзге өңірлерге де тоқталды.
Бес облыстың ішіне кіретін Ақмола облысының Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылы, Павлодар облысының Железин ауданының Еңбекші және Ақтау ауылдары, сонымен қатар Тереңкөл ауданының Трофимовка ауылы, Қостанай облысының Ұзынкөл және Федоровка ауданының Сокол ауылы, Сарыкөл ауданының Маяк ауылы, Меңдіқара ауданының Красная Пресня ауылына уақытша шектеу қойылды. Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан оперативтік штаб құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, - деді ол.Айта кетейік, жақында СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошақтары табылған болатын. Кейіннен СҚО аудандарында құс тұмауына байланысты карантин енгізілгені анықталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасымен вице-министр Гульмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан өңіріне келіп, облыста жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан кешенді шаралардың барысын тексерді. Сұлтанғазиев құс тұмауының адамға әсері туралы айтты.