Қостанайда қара балмұздақ шығарылады

3 Маусым 2019, 19:09
2504
Бөлісу:
Қостанайда қара балмұздақ шығарылады
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың Қостанайға жұмыс сапары барысында сүт өнімдері зауытында айтылды.

Қостанайдағы бұл зауыт негізі 1998 жылы қаланған. Бүгінгі таңда 600 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында жетпіске тарта тағам атауы бар. Бір жылда 75 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы.

Вице-министр Айдарбек Сапаров зауыт ішінде 2 жыл бұрын ашылған цехтің жұмысымен танысты.

«Мұнда Швецияда, Германияда, Италияда жасалған жабдықтар қойылған. Балмұздақтың 40 шақты түрі, йогурттың 4 түрі өндіріледі. Ішінде қара балмұздақ та бар. Шетелдіктердің тәжірибесін зерделеп, биыл нарыққа шығардық. Ешқандай бояу қосылмаған. Осы жылы көптеген жаңалық енгізгелі отырмыз», - деді кәсіпорын басшысы Сергей Блок.

Қостанайда қара балмұздақ шығарылады

Кәсіпкердің айтуынша, қазір зауытта күніне 170 тонна сүт өнімдері шығарылып, оның 12%-дан көбі Ресей нарығына жөнелтіледі.

«Сіздерге ерекше қораптағы «Құлпынай» йогуртын таныстырғым келіп тұр. Қорабының екі жағында «push» деп көрсетілген қызыл ноқат бар. Соны басып, йогуртты соңғы тамшысына дейін ішіп қоюға болады. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ өнім», - деді кәсіпорын технологы Әлия Сүндеталина.

Вице-министр зауытта қолданылып жатқан жаңа технологиялар өнім көлемін ғана емес, сапасын да арттыруы тиіс екенін атап өтті.

Іссапар «Жас қанат-2006» құс фабрикасы мен «Олжа Садчиковское» сүт-тауар фермасында жалғасты. Одан соң, Айдарбек Сапаровтың Алтынсарин ауданында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесуі жоспарланған.


Өзгелердің жаңалығы