Қостанайда ауруханаларға жаңа жабдықтар мен техника сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінді

11 Мамыр 2019, 13:34
1545
Бөлісу:
Қостанайда ауруханаларға жаңа жабдықтар мен техника сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы 320 млн теңгеге үш аудандағы ауруханаларға күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Вячеслав Дудник мәлімдеді. 

Күрделі жөндеу Қарасу, Қамысты аудандық ауруханаларының ғимараттары мен Қарабалық аудандық ауруханасының инженерлік желілеріне жүргізілмек. Жұмыс мамыр айында басталады деп жоспарланған.   

Сонымен қатар, 2019 жылы медициналық жабдықтар мен автокөліктер сатып алуға 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл сомаға 36 стерилизатор, 5 реанимобиль, 7 санитариялық автокөлік, хирургиялық бейнеэндоскопиялық құрылғылар, рентген аппараттары, УДЗ құрылғылары сатып алынады. 

«Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техникалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде «Денсаулық» бағдарламасында айтылған. Барлық жұмыс осы мақсатта, қызмет сапасын арттыру үшін жасалып отыр. 2019 жылы халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту үшін республикалық бюджеттен 5,6 млрд теңге қаралған. Қаражат өткен жылғыдан 12%-ға көп. Облыстық бюджеттен дәрі-дәрмек сатып алуға 160 млн, ал вакциналарға 170 млн теңге бөлінді», - деді басқарма басшысы Вячеслав Дудник. 

Оның айтуынша, бірінші тоқсанда 1,7 млрд теңге игеріліп, 356 түрлі амбулаториялық дәрі-дәрмектің 318-і жеткізілген. Бүгінге дейін өңірде 930 млн теңгеге 118 мың рецепт сатылып үлгерген. Препараттармен қамтылған тұрғындар саны – 45 мыңнан астам. Бір адамға шаққанда 20 мың теңгенің шамасында.

Өзгелердің жаңалығы