Қостанай облысында жұмыспен қамту шараларына 53,7 млрд теңге бөлінеді

6 Сәуір 2020, 16:34
3358
Бөлісу:
Қостанай облысында жұмыспен қамту шараларына 53,7 млрд теңге бөлінеді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тобыл өңірінде "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасын жүзеге асыруға 53,7 млрд теңге қаралып отыр. 

Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен селекторлы жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова айтты.

Гүлнар Әбенова баяндамасында атап өткендей, бағдарлама аясында әлеуметтік-мәдени сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарын жөндеу, салу, жаңарту, елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жобаларды іске асыру жоспарланған.

Жұмыспен қамту.jpeg

2020 жылы облыста жұмыспен қамту шараларына 53,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде 15,0 млрд теңге ағымдағы нысаналы трансферттердің, 38,8 млрд теңге жергілікті атқарушы органдардың облигациялары есебінен аударылмақ.

Сондай-ақ, спикердің айтуынша, бағдарлама шеңберінде еңбек еткісі келетін азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) немесе 85 000 теңге көлемінде көмек көрсетілетін болады.

Қазіргі уақытта облыста 275 инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі құрылды. Оларды іріктеу кезінде моноқалаларға және қызметкерлері босап қалу қаупі бар ірі кәсіпорындар орналасқан облыс орталығына басымдық берілді, - деді Гүлнар Әбенова.

Жобаларды жүзеге асыру арқылы 13 435 адамды жұмыспен қамту көзделген. Оның жартысы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналасады.

Мобильді пункттер ашылып, онда мамандар коронавирус инфекциясына қарсы жедел тестілеу жүргізеді. Сонымен бірге, жұмысшыларды үйінен жаңа жұмыс орнына дейін жеткізу ұйымдастырылады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ААЖ арқылы барлық фактіге мониторинг жүргізіледі, - деп атап өтті Гүлнар Әбенова.

Ол сонымен бірге Қостанай облысында жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспары 31 мың адамға дейін ұлғайтылатынын хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы