Qazforum: Арзан мәлімет таратуға әуес «сары» басылымдар жетерлік – Балаева

5 Қараша 2021, 10:17
1413
Бөлісу:
Qazforum: Арзан мәлімет таратуға әуес «сары» басылымдар жетерлік – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың форумында айтты.

Қазақ тілінде контент жасау – ақпараттық саясаты басым бағыттардың бірі. Бұл саладағы атқарылған жұмыстардың көлемі де, сапасы да жылдан-жылға артып келеді. Мемлекеттік тілдегі медианың белсенді дамуы бірінші кезекте қазақтілді аудиторияның өсуіне байланысты. Себебі бұл – қоғам талабы, – деп айтты министр.

Балаева атап өткендей, сұраныс әрқашан ұсынысты тудыратыны белгілі. Дегенмен сан бар жерде сапа мәселесін де ұмытпауымыз керек. 

Өкінішке қарай, арзан мәлімет таратуға әуес «сары» басылымдар деңгейін өзгерткісі келмейтін онлайн медиалар жетерлік. Бұл қысқа уақытта қаралым жинауды басты мақсат ететін сайттар ақ-қарасын ажыратпай жалған ақпарат беруге, бір-бірінен көшіріп басатын сапасы төмен аудармалар мен сондай-ақ тек қылмыс хроникасын тарататын жаға ұстатар жаңалықтарға да әуес. Әрине, дәстүрлі басылымдардағы жазу тілі мен интернеттегі жазу стилінде айырмашылық бар, – деп толықтырды Ақпарат министрі форумда.

Ол ақпараттық сайттар мәліметтерін қысқа, әрі жеңіл жазатынын айтты. Сол себепті бүгінгі Intil жазу формасы, ұғымы пайда болды.

Жылдам ақпарат таратуды ғана ойлайтын сайттарда көп жағдайда тіл тазалығы болмайды. Мұның өзі бірінші кезекте интернет арқылы оқып-үйренетін өскелең ұрпаққа кері әсерін тигізеді. Осы ретте биыл министрліктің қолдауымен алғаш рет «Сөзтүзер» қате қолданыстар сөздігі жинағы әзірленді. Бұл кітапқа қате қолданылып жүрген 3,5 мыңнан астам сөз тіркестері анықталып, 2 мыңнан астам нақты мысал берілген, – деп айтты министр Балаева.

Министрдің сөзінше, алдағы уақытта кітаптың онлайн нұсқасы шығады.

Өзгелердің жаңалығы