ПТР-тестті өтуі керек адамдар ғана тапсыруы қажет – бас санитар

23 Маусым 2020, 10:17
3896
Бөлісу:
ПТР-тестті өтуі керек адамдар ғана тапсыруы қажет – бас санитар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдегі ПТР-тесттерге қатысты пікір білдірді.

Биыл наурыз айында елімізде небәрі 34 зертхана, 12 мыңға дейін зерттеу жүргізген болсақ, қазіргі таңда зертханалар саны 56-ға жетіп, күніне 30 мыңға жуық зерттеу жүргізіліп жатыр. Наурыз айынан бері елімізде 1 400 000 зерттеу жасалды. Оның 80%-ы қоғамның тиісті мүшелеріне тегін өткізілді, - деді ол. 

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, ПТР-тест – бұл диагностикалық тест. Яғни, қандай да бір көрсеткіштер аясында жасалатын тест. 

Ол көрсеткіштер клиникалық және эпидемиологиялық болып бөлінеді. Клиникалық көрсеткіштер – ағзада коронавирус инфекциясы барын жоққа шығармайтын ауру симптомдары бар адамдарға арналған тест. Бұл тест дәрігердің бағыттауымен өткізілуі шарт. Эпидемиологиялық көрсеткіштер – бұл эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тест тапсыруға жататын адамдар тобына арналған. Яғни, ең алдымен, коронавирус инфекциясы бар науқаспен жақын байланыста болғандар. Бұл көрсеткішті эпидемиолог-дәрігер анықтайды, - деді ол.

Бас санитар қазіргі таңда мемлекеттік және жекеменшік секторындағы жұмыс берушілер іссапардан немесе кезекті еңбек демалысынан келген жұмысшылардан ПТР-тесттен өтуін талап ететінін айтты.

Осы жерде жұмыс берушілерге айтарым, егер сіздің кәсіпорныңыз ашық болса, бұл талап сіздің ұжымыңызға вирустың енуінен қорғамайды. Яғни, жұмыскерлер мекемеге таңда келіп, кешке қайтып, күнделікті жұмыс режимімен жүреді. Ол жұмыстан шыққаннан кейін қоғамдық көлікке отырады, қоғамдық ортаға барады, достарымен кездеседі, қандай да бір қызметтер алады. Демек, вирус жұқтырып алу тәуекелі басым. Ал жұмыс берушінің ПТР-тест талап етуі зертханалық орталықтарға қосымша жүктеме туғызып, нағыз тест тапсыруы керек адамдардың тестке деген қолжетімділігіне кедергі келтіріп отыр. Сондықтан, тесттен өтуі керек адамдар ғана тест тапсыруы қажет, - деді Есмағамбетова. 
Айта кетейік, бұған дейін ҚР мемлекеттік бас санитарлық дәрігері еліміздің сегіз өңірінде сырқаттану деңгейі 6 есеге өскенін айтқан болатын.
Өзгелердің жаңалығы