Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сайтымызда өз ісінің хас шеберіне айналған тұлғалар туралы «Профессионалдар» атты тұрақты айдар бар. Осы материалымызда да өз саласында белгілі бір жетістікке жеткен «Профессионалдар» мәртебесіне жатқызуға болатын тағы бір маман туралы баяндауды жөн көрдік. Бүгінгі профессионал – тележүргізуші Альбина Әшім.
Бала күнінде көп адам көгілдір экраннан көрінгісі келгенін айтып жатады. Ал эфирге шығудың артында тынбай еңбек ету мен табандылық, қайрат пен кәсібилік тұрғанын ескеру керек. Тілшілік тіршіліктен тележүргізушіге дейінгі жолын кейіпкеріміз айтып берді.Альбина Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жаңасу ауылында дүниеге келген. Көп дегенде 50 түтіні бар ауылда Альбина 9-сыныпқа дейін білім алады.
Мектепте оқып жүргенде гуманитарлық бағытқа сүйіспеншілігім пайда болды. Себебі мен ұстаздар отбасында тәрбиелендім. Үйде кітап көп болатын. Бір бөлмеміз әртүрлі жанрдағы кітаптарға арналған еді. Сондықтан ата-анам мен әпкелерім кітапқұмар болды. Мен де олардан алысқа кеткен жоқпын. Оған қоса, мектептегі орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мені сыныптың алдына шығарып, өлең, прозаларды оқытқанды ұнататын. Сол кездің өзінде ол кісі маған «біздің Альбина диктор болады» деп айтатын. Мүмкін, сол да осы салаға келуіме әсер еткен болар, - дейді Альбина Әшім.
Оның айтуынша, 90-шы жылдардың соңында қазақ телевизиясының дүрілдеп тұрған кезеңі еді.
Ол кезде басты республикалық арналарды қосып қойып, әкем екеуміз жаңалықтарды қарайтынбыз. Сол заманда тілші, жүргізушілерді көріп, армандайтынмын. «Мен де осы сияқты тілші болсам, жаңалықтарды жүргізсем» деген ниет пайда болды. Ол кезде 13-темін, өмірімнің сол кезеңінде іштей «журналист боламын» деп шештім. Кейін жоғары сыныптарды қалаға оқуға ауысқанда мамандық таңдау бойынша сұрақ туындамады. Себебі ол шешім бұрын қабылданған. Оған қоса, қазақ тілі мен орыс тілдері пәнінен олимпиадаларға қатысып жүретінмін, - дейді ол.
Профессионалдың айтуынша, 11-сыныпты тәмамдаған соң, Альбинаның анасы ұстаз болғандықтан, 7 қызының біреуі оның ізін жалғастырғанын қалайды.
Анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып оқуға түсуге ұсыныс жасады. Алайда мен оған келіспей, өз мақсатымнан таймадым. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «журналистика» мамандығына түстім. 3-курстан кейін облыстық телеарнаға тәжірибеден өтуге барғанымда арна директоры, қазір Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман ағамыз: «Оқу мен жұмысты қатар алып жүре аласың ба? Саған ұсынысымыз бар» деп жұмысқа шақырды. Әрине, мен қуана оны қабылдадым. Алғашында жартылай ставкамен 9 мың теңге айлық алдым. Оған мән бермедім. Себебі мен ақша үшін емес, өз кәсібіме деген махаббатпен жүрген адам едім. Бір жыл жұмыс істедім. Оңай болды деп айта алмаймын. Себебі соңғы курста емтихандар мен дипломдық жұмыс жазудың үстіне жұмысты қатар алып жүру керек болды. Осылай жүріп оқуымды тәмамдадым, - деді ол.
Осы кезеңде Альбина Әшімнің телевизия аралына үлкен қадамы басталған. Ол арман қуып елордаға келеді.
Елордаға келе сала бірнеше республикалық арналарда жұмыс істедім. «Еуразия» арнасына тілші болып бардым. Арнада сол кезде жаңалықтар қызметі жаңадан ашылып жатқан еді. Олар ерекшелік болуы үшін екі тілді жетік меңгерген адамның жүргізгенін қалады. Кастинг кезінде жүргізушілерге «қазақ және орыс тілін бірдей меңгеруі керек» деген талап қойылды. Маған жүргізуші болуға ұсыныс түсті. Бірақ менің аса қызығушылығым болмады. Себебі жаңалықтарды орта жастағы адамдар жүргізуі керек деген түсінік болды. Бірақ бәрібір кастингке қатыстым. Оның қорытындысы бойынша мені эфирге шығаруға шешім қабылданды, - дейді Альбина Әшім.
Альбинаның айтуынша, сол жылдары арнаға Ресейден мықты маман шақырылып, эфирдің қыр-сырын үйретеді.
Эфирде өзіңді қалай ұстау керек, демалудың жолдары, дауысты қою бойынша көп тәлім берді. Ол кезде «көрерменді алдай алмайсың, жасандылықтан сақтан» деп айтатын. «Өзге тележүргізушілердің кәсібилігінен үлгі алуға болады, бірақ еліктеуге болмайды» дейтін. Себебі шынайылық барлығына жағады, - дейді Альбина.
Әшімнің айтуынша, ТМД елдерінде тележүргізушілердің классикалық типі қалыптасқан.
Ол кісі бұл таптаурынды бұзып, жағымды жаңалық кезінде жымиып оқуды үйретті. Ол бойынша көрерменнен жағымды пікір ести бастадым. Себебі жымиғаның көрерменге сенім ұялатып, сүйіспеншіліктің пайда болуына әсер етеді. Бұл жақсы тәсіл деп ойлаймын. Алайда бұл жасанды жымию емес. Қазір автоматты түрде ол қалыптасып кеткен. Өйткені өмірде де жақсы көңіл-күймен жүргенді ұнатамын. Сол себепті де эфирде күлімсіреу маған қиын болмады, - деді ол.
Оның айтуынша, тікелей эфирде барлық жүргізушіге қойылатын талап: жақ пен тілді «ояту» үшін арнайы жаттығулар жасау.
Тікелей эфир алдында тамаққа қатты тойып алмауға тырысамын. Себебі ол тыныс алуға, мәтінді таза оқуға кері әсер етеді. Кәсібилік тәжірибемен пайда болады. Бұдан бөлек, мәтінді ұғынып, сөздің төркінін түсініп оқыған тележүргізушіні өз ісінің хас шебері деп есептеймін. Қанша жерден жаттығу жасап, эфирде бір жаңылмай, тақылдап оқып шыққанның өзінде мәтінді ұғынбасаңыз, сезінбесеңіз, мақсат діттеген жерге жетпейді. Себебі көрермен оның барлығын түсінеді. Меніңше, кәсібилік эфирде жаңылмау емес, мейлінше түсінікті әрі жүректен өткізіп оқу. Бірақ бізде көп жағдайда жаңылып қалуды кәсібилік емес деп түсініп жатады, - дейді Альбина.
Тележүргізушінің айтуынша, эфирге шығу үшін түр-әлпетіңнің де келісті болғаны абзал.
Алайда бұл сұлулық байқауы емес. Ортақ стандарт та жоқ. Бірақ түрде кемістік болмау керек. Тістерің маржандай, келбетің келісті болу керек деген талаптар қойылады. Ал дауыс, сөйлеу мақамы, тілдегі кемістіктерге қатысты нақты талаптар бар, - дейді ол.
Осыған дейін жаздық, Альбина мансабын тілшілік тіршіліктен бастады. Яғни тек көгілдір экраннан дайын ақпаратты оқып қана қоймай, ол ақпаратты өзі де дайындап бере алатын әмбебап маман.
Шын мәнінде, мәтін жаза білудің эфирде өзіңді ұстауға әсер ететін кездері көп. Өйткені мәтінді ұғынып, түсіну үшін жаза білу де өте маңызды. Қазір Ұлттық арнаның талабы да сол. Тележүргізуші дайын мәтінді оқып кететін адам емес, ол үнемі ақпарат айдынынан таса қалмайтын жауынгер болуы керек. Тек жаңалық жаршысы ғана емес, жаңалықты әзірлеп беретін маман болуың керек. Тілші шараға шығып, зерттеп оны көрерменге дерек пен дәйек арқылы жеткізеді. Ал тележүргізуші сол материалдың ең басты жаңалығын жарнамалап, көрерменге аңдатпа түрінде жеткізеді. Екі жақты алып жүрудің тиімділігі туралы да айтқым келеді. Мен журналистиканы эфирге шығу мақсатында таңдаған жоқпын. Ең алдымен тілші боламын деп келдім. Сондықтан мен тек диктор болуды қаламаймын, - дейді Альбина.
Оның сөзінше, тілшілік ең басты деген жаңалықтарды назарда ұстауға көмектесіп қана қоймай, белгілі қарқынмен жүруге мүмкіндік береді.
Бір күн тілші, бір күн тележүргізуші болудан еш қиналмаймын. Одан бөлек, эфирге шыққан күндері мәтін тексеремін. Бұл сауаттылығымды арттыруға жәрдемдеседі. Мәтінді өзіме ыңғайлы етіп аламын. Мәтін жаза білудің артық тұстары осы. Өзіме жауапкершілік алып, мәтінді өзгерте аламын. Оған ешкім қарсы болмайды, - дейді ол.
Альбина ақпарат легінен шаршайтын кездер жиі болатынын айтты. Әсіресе, пандемия кезінде індетке қатысты негатив ақпарат көп болған.
Адам болғандықтан оны мүлдем қабылдамаймын деп те жүре алмайсың. Көңіл-күйге де әсер етеді. Қайда барсаң да «Қорқыттың көрі» демекші, көп жерде коронавирус әңгіме болып жатады. Күнделікті өмірің ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желілерді саралаудан басталады. Себебі жаңалықтан қалыс қалмауың керек. Бірақ адам ретінде миға ақпараттың көп баруы өте үлкен салмақ. Ондайдан шаршап бара жатқанымды сезсем, өзіме жаңалық оқуға тыйым саламын. Миды да тынықтыру керек. Адамдармен де қарым-қатынасты азайтамын. Кейде баламнан да демалуға тырысамын. Себебі мен ана ғана емес, адам ретінде «толық» болуым керек. Оны айналамдағы адамдар да түсінеді. Оңашада күш жинап алғанды жөн көремін, - дейді ол.
Профессионалдың айтуынша, жұмыста салқынқанды болған да абзал.
Мен өте сезімтал адаммын. Төтенше жағдайлар мен қайғылы оқиғалар айтылған эфирден кейін біразға дейін ұйықтай алмай, алаңдап кетемін. Бұл жүрекке салмақ түсіреді. Мысалы, былтырғы ұшақ апаты адами тұрғыдан маған үлкен күш түсірді. Ол кәсібилік тұрғыдан да әсер етті. Себебі дәстүрлі дайындықпен емес, сағат сайын эфирге шығуға тура келді. Ал менің қолымда бірде-бір мәтін болмады. Яғни эфир барысында құлағыма жеткен ақпаратты немесе секунд сайын өзгеріп жатқан мәліметті айтуға тура келді. Бұл кәсібилік тұрғыда үлкен сын болды. Бірақ сыннан жақсы өттім деп ойлаймын, - дейді Әшім.
Сондай-ақ, ол Бейсен Құранбек өмірден өткенде де эфирде болғанын айтады.
Оны жаңалық қылып оқу адам ретінде маған оңай болмады. Әрине, кәсіби тележүргізуші ретінде мейлінше бейтарап болып жеткізуге тырысасың. Бірақ оның барлығы сезіледі. Көрермен оны да түсінеді деп ойлаймын. Себебі тележүргізуші робот емес, ол да жүрегі мен сезімі бар адам. Кәсібін жан-тәнімен сүйіп, оған жанын берген адам оның қызығына да, шыжығына да шыдайды. Одан кәсіби шыңдалып, жетістіктерге де жетеді, - деді ол.
Альбина Әшім тележүргізуші болғысы келетін адамдарға алдымен тілші болу керек деген кеңес айтты.
Тек эфирге шығамын деген мақсатпен келген адамның миссиясы толық орындалмайды деп ойлаймын. Ал кәсіби маман атану үшін ол саланы бүге-шүгесіне дейін білу керек. Мансап та баспалдақ сияқты болуы керек шығар. Жаңалықтарды сүзе білу, оны көрерменге боямасыз жеткізуге машықтану керек. Тілші болып жұмыс істеген тәжірибеңіз, жақсы тележүргізуші болуға көмектеседі деп ойлаймын, - деп түйіндеді ол.Айта кетейік, «Профессионалдар» айдарында осыған дейін мұғалім туралы жазған едік.