Профессионалдар. Қорықшы

25 Тамыз 2020, 11:25
7651
Бөлісу:
Профессионалдар. Қорықшы
EX PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгінің батырлары – мемлекеттік инспекторлар, қорықшылар. Олар қазақтың кең даласындағы жан-жануарларды қорғап, оларды сақтап, көбеюі үшін тынбай еңбек етіп жүрген мамандардың бірі. Осы ретте экология министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде ең жас қорықшы Айдос Қазиды әңгімеге тартып, қызметі туралы сұхбаттастық.

Айдос Қази Қызылорданың тумасы. Жасы 23-те. «Охотзоопром ӨБ» орталық аймақтық өңірлік филиалына жұмысқа орналасқанына бір жылға жуықтады.

58ecfa34-eaa0-4606-a2ce-1c8dc29f3c73.jpg

Охотзоопром мекемесінде инспектор қызметін атқарамын. 2019 жылы қазан айында жұмысқа орналастым. Петропавл қаласында «Орман шаруашылығы және табиғат ресурстары» саласы бойынша білім алдым. Қазір Нұр-Сұлтандағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде білімімді жалғастырып жатырмын, - деді жас қорықшы Айдос.
f5022e75-9fdb-4f83-893f-ffec9146d88e.jpg

Қорықшылар қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – заңсыз аң аулауды болдырмау.

Өзімізге белгіленген территорияда заңсыз аң аулау болмауын қадағалаймыз. Барлық жан-жануар, құс, жәндік, балық, яғни дала жан-жануарларын қорғау - біздің басты міндетіміз. Заңсыз аң аулағандарға салынатын айыппұл бар. Ал браконьерлерді ұстаған жағдайда өзіміздің жедел жұмыс тобы бар. Сол топқа хабарласамыз. Жедел топ арқылы ұсталғандар полиция қызметкерлеріне тапсырылып, тиісті процедуралық жұмыстар жүргізіледі, - дейді Айдос Қази.
Айдостың айтуынша, қорықшылық қызмет қызық, әрі қауіпті.
Жұмысымыз бір жағынан өте қауіпті, бір жағынан табиғатты жақсы көретін адам үшін өте қолайлы жұмыс. Браконьерлермен күрес кезінде қауіпті кездер де болады. Алайда жақсы жағы да жоқ емес. Еліміздің табиғатын тамашалап, ел көреміз, жер көреміз, - деді ол.
Инспекторларға жұмыс істеуге жағдай жасалған. Оларға көлік, өздерін қорғайтын қару-жарақ, көкірекше, пулемет, тапанша, кісен, дүрбі, рациялар (60-70 км дейін байланыс ұстайды) берілген.

Қорықшының айтуынша, құралдар жұмыс істеуге өте қолайлы.

Өмірге қауіп төнгенде біздің атуға құқымыз бар. Алдымен ескерту оғын атамыз, - дейді Айдос Қази.
73443868-45cd-4fb2-920a-1dd12e8bf434.jpg

Қорықшылардың орташа айлық жалақысы 90 мың теңге.

7f2331a5-caac-4d76-9de9-ccd3a52a9c42.jpg

Вахталық режиммен 15 күн іссапарда, 15 күн Нұр-Сұлтанда кеңседе жұмыс істейміз. Іссапарға Ақмола облысы территориясында немесе шұғыл көмек керек болып, инспекторлар жетіспей жатса, жақын облыстарға да жұмыспен шығып тұрамыз. Орташа айлық жалақымыз шамамен 80-90 мың теңге. Онымен қоса, заңсыз аң аулаған браконьерлерді ұстағанымыз үшін айлықтан бөлек сыйақы беріледі. Оның көлемі - жалақының 150%-ы. Мысалы, мен жұмысқа орналасқалы 1 рет заң бұзғандарды ұстадым, - дейді Айдос Қази.
Браконьерлер көбінесе түнгі уақытта, кеш батқан кезде аң аулауға, киік атуға шығады.
Алайда қазір киіктерді атуға ешкімнің құқығы жоқ, оларды ешкім ата алмайды. 2023 жылға дейін мораторий жарияланған. Олар жойылып кету қаупі бар жануарлардың бірі. Сондықтан олар ерекше қорғауда. Ақмола облысы территориясының өзінде 70 мыңға жуық киік мекендейді. Биыл осы мамыр айында тағы да төлдеді. Біз оларды қорғап, қазір көбейіп жатқанына куә болудамыз. Киіктер төлдегенде қастарына жақындай алмаймыз. Себебі лақтарын тастап, өздері жақын маңда жүре берулері де мүмкін, - деп айтты қорықшы.
aa7bbad0-bc4a-434e-af66-ed1468282dbb.jpg

Өлген киіктерді белгілі органдарға арнайы экспертизаға жібереді. Неден өлді? Ауырды ма не біреу атты ма? Осыны анықтау үшін 102-ге хабарлап, акт дайындап, өздеріне тиісті процедуралық жұмыстарды жасайды.

1bd9e060-29e0-46cb-8d5f-568ff169a75b.jpg

Барлауға 5 инспектор, 1 камаз жүргізушісі болып шығамыз. Камаз - даладағы біздің үйіміз. Сол жерде тынығамыз, тамақтанамыз. Барлауда жүргенде бір-бірімізге координаттарды береміз. Камаз жүргізушісі берілген координаттағы орында бізді күтеді, - дейді ол.
2d9391b6-d37b-43fe-8d3b-748d547db13c.jpg

Айдос браконьерлермен күрес үшін қолдары бос уақытта спортпен айналысатынын да айтты. Денсаулықтың мықты болғаны әр адам үшін маңызды болғандықтан таңертең жүгіріп, спортпен шұғылданамыз дейді.

Биыл 22 мамырда алғашқы қылмыстық іс тіркедім. Күндізгі рейд кезінде Жақсы районы, Манаш ауылының малшылары киік мүйізін жасырын сақтап отырғаны туралы ақпарат келді. Тексеру барысында мүйіздің бар екені анықталды. Малшылардан мүйіз тәркіленіп, ары қарай тиісті жұмыстар жүргізілді, - деді алғашқы тіркеген қылмыстық ісі жайында.
0b2e3281-4ac6-4227-afa1-a14c332ce7c8.jpg

Қорықшылық қызметіне кез келген адам жұмысқа орналаса алмайды.

Жұмысқа кез келген адамды қабылдамайды. Арнайы білімі, тәжірибесі бар мамандар ғана қабылданады. Осы мамандықты таңдаған себебім бар. Далада жүргенді жақсы көремін, табиғатқа жаным жақын. Қазақтың даласындағы жан-жануарларды, «Қызыл кітапқа» енген және жойылып кету қаупі бар аңдарды қорғау менің міндетім. Өз жұмысыма дән ризамын, - дейді Айдос. 
5ce0b854-e2f4-472a-a1ca-ba91fb6952f9.jpg

Айдостың айтуынша, ең қызықты уақыт – киіктердің төлдейтін сәті.

81d7534b-c815-4ab6-bb4a-a9251330afe4.jpgФото: Қорықшының жеке мұрағатынан
Олар барлығы бір жерге жиналып, бір жерде төлдейді. Олардың бір ерекшелігі құралайлары (лақ) тез аяқтарынан тұрып кетеді. Лақтары өсіп, ақбөкендердің саны көбейген сайын өзіміз де қуанып қаламыз, - деп Айбек қызықты сәтімен бөлісті.
 db0db3aa-af84-4b75-9ffc-569cca727ec8.jpgФото: Қорықшының жеке мұрағатынан

«Киіктің киесі жібермейді»

Ел арасында ақбөкендерді атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Мысалы, мынадай оқиға болған. 2 мотоциклмен 4 жігіт киік аулауға шығып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталған. Олар аң аулау кезінде киіктерді екі көлікпен екі жағынан қуған. Киіктер қашқанда топырақ ауаға көтеріліп, шаң арасында бір-біріне 2 көлік соқтығысады. Кейін оларды іздегенде 2-3 күннен кейін жігіттердің өлі денелері даладан табылған. Алайда кейін жерлейтін кезде жер олардың денелерін көтермей, түсіп кете берген. Яғни халық аузындағы «Киіктің киесі бар» деген сөз жай айтылмаған, - дейді «Охотзоопром ӨБ» орталық аймақтық өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы Айбек Әліпбай.
Оның айтуынша, мұндай оқиғалар көп.

329bae49-12c5-40f8-9369-0fc1369305a4.jpg

Естеріңізде болса, өткен жылы 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында браконьерлік проблемасына баса назар аударды.

69aa70ed-56ee-4120-83b4-fc0f867b80b0.jpg

Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Бүгінде браконьерлер сақадай-сай жабдықталып, қаруланған және өздерінің жазалана қоймайтынына сенімді. Биылдың өзінде жануарлар әлемін қорғап жүрген екі инспектор браконьерлердің қолынан қаза тапты. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінде браконьерлердің қылмыстық тобы ұсталды. Бұл тек бір ғана мысал, алайда браконьерліктің тамыры тереңге жайылған, соның ішінде бұл құқық қорғау органдарының салғырттығынан болып отыр. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде. Үкіметке екі ай ішінде тиісті заңнаманы қатайту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын, - деген болатын Президент. 
3e621f18-a078-420e-83fb-56a359216dc8.jpg

2019 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

e4dea23e-4a9e-4978-9de0-15498bcedabe.jpg

Заң Мемлекет басшысының зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлардың, қорықшылық қызметінің өміріне қол сұғушылықтар, мас күйінде көлік құралдарын жүргізу, сондай-ақ бірқатар өзге де ауыр құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

c2b8a318-dc9e-470c-b188-e619f46a6245.jpg

Сенбі күні, яғни 22 тамызда ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдады. Министр Мемлекет басшысына «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының әзірленіп жатқаны туралы ақпарат берді.



Өзгелердің жаңалығы