Жуық арада "Президенттік жастар кадр резервіне" іріктеуге өтініш қабылдау басталады

29 Тамыз 2019, 18:44
2585
Бөлісу:
Жуық арада "Президенттік жастар кадр резервіне" іріктеуге өтініш қабылдау басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірер күнде "Президенттік жастар кадр резервіне" іріктеуге өтініш қабылдауды бастамақ. Бұл жөніңде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Агенттіктің төрағасы Анар Жаилғанова мәлімдеді. 

Журналистердің сауалдарына жауап берген Анар Жаилғанова "Президенттік жастар кадр резервіне" өтуге үміткерлерге қойылатын негізгі талаптары жөніңде баяндады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу" сайлауалды бағдарламасымен Агенттік алдында Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті қойылған.

Нақты бір салада өзіндік жетістіктері бар жас қазақстандықтарда іріктеуден өтіп, резервке алыну, жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігі пайда болды.

Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар, бұл азаматтылығы, жасы 35-тен аспауы қажет, білімі және 5 жылдық жұмыс тәжірибесі болуы шарт.

"Креативті, дарынды жастарымыздың кейбірі шетелде тұрып жатқанын жақсы білеміз. Сондықтан, конкурсқа еліміздің жастарымен қатар, шетелде тұрып жатқан Қазақстан Республиканың жас азаматтары қатыса алады",- деп нақтылады Анар Жаилғанова.

Президенттік жастар резервіне өткендер саяси және жоғары әкімшілік лауазымдарға, ұлттық холдингтер мен компаниялардың жоғары басқарушы лауазымдарына тағайындалуға мүмкіндік алады.

Анар Жаилғанова атап өткендей, резервшілерді іріктеу келесі кезеңдерден тұрады:

Бірінші кезең – қатысушылардың құжаттарын қабылдау. Құжаттарды жинаудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылды.

Өтінім беру барынша жеңілдетілген.

Екінші кезең, үміткерлердің қабілеттерін тестілеу. Аталмыш сынақ үміткердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған.

Үшінші кезең, кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау.

Ол үшін үміткерлер эссе жазып, өздерінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын ұсынады.

Эссе мен жобалық жұмыстарды тексеру онлайн жүйеде өткізіледі. Оның объективтілігі үшін процестің бейнежазбасын жүргізу жоспарланып отыр.

Төртінші кезең, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу. Осы кезеңдегі іріктеуге алдыңғы сынақтарда бал жиынтығы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар жіберіледі.

Президент Әкімшілігі тарапынан құрылатын Комиссия бұған дейінгі іріктеу кезеңдерінен сәтті өткен әрбір үміткермен жеке әңгімелесу өткізеді.

Іріктеудің қорытынды кезеңінде – кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссия ең жоғары балл жинаған кандидаттарды резервке қабылдау туралы шешім шығарады.

Резервшілер лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқытылады. Іріктеудің нәтижесі негізінде сарапшылардың берген ұсыныстары бойынша резервшілер үшін жеке бағдарлама әзірлену де мүмкін. Бұл оқыту бағдарламасы мемлекеттік қызметке қажет қосымша білім алуға, халықпен жұмыс істеуге, оның ішінде көпшілік алдында сөз сөйлеу және шектеулі жағдайда жұмыс істеу үшін қажетті қасиеттерді арттыруға бағытталған.

Бүгінгі таңда, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ережесі мен тәртібі президент Жарлығымен реттелген.

Өзгелердің жаңалығы