Президент сайлауы – 2019. Елбасы белгілеген саяси бағытты іске асыруға серпін береді

9 Сәуір 2019, 21:36
4642
Бөлісу:
Президент сайлауы – 2019. Елбасы белгілеген саяси бағытты іске асыруға серпін береді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ Ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің сарапшысы Жиембет Жұмағұл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауына қатысты жасаған үндеуіне орай пікір білдірді.

«Елімізде биылғы көктем айларында елеулі саяси өзгерістер орын алуда. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жақсы ойластырылған және теңдестірілген саясатының арқасында биліктің транзиті бейбіт және тыныш, еліміздің жалпы саяси бағытында ауытқусыз және іргелі өзгерістерсіз өтті. Сонымен бірге еліміздің әрі қарай дамуына, оның стратегиясын жалғастыруға және жаһандық кеңістіктегі жағдайды сақтап қалуына байланысты Мемлекет басшысының мәртебесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдау қажет» - дейді ол.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 9 маусымында өтетін кезектен тыс президенттік сайлау туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.

«Бұл мемлекеттің және оның азаматтарының әлеуметтік тұрақтылық пен этносаралық келісімнің сақталуына, елдің тиімді даму мүмкіндігін кеңейтуге және ағымдағы реформалар мен оның инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін уақтылы және дұрыс қадам» - дейді сарапшы.

Жиембет Жұмағұл Президент уәде еткендей, сайлау әділ өтетіндігіне сенім білдірді.

«Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік сайлау заң бойынша өтетінін, ал жаңа Президент халықтың еркі бойынша сайланатынын атап өтті. Осылайша ол, қазіргі Президент ретінде, әділ, ашық және адал сайлау өткізуге кепілдік береді. Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу Елбасы белгілеген саяси бағытты іске асыруға жаңа серпін беретініне, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға және еліміздің одан әрі дамуына ықпал ететініне сенімдімін. Біздің республикамыздың әрбір азаматы елдің ішкі және сыртқы саясатының тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына белсенді қатысуы керек деп есептеймін» - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы