Президент өнеркәсіп саласында білікті мамандар жетіспейтінін айтты

7 Желтоқсан 2021, 14:57
914
Бөлісу:
Президент өнеркәсіп саласында білікті мамандар жетіспейтінін айтты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы өнеркәсіп саласында білікті мамандардың жетіспейтінін айтты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде айтты. 

Оның айтуынша, өнеркәсіп саласында кәсіби мамандардың жетіспеушілігі - индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі. Президент өз сөзінде алдағы 4 жылда көптеген жаңа индустриялық жоба қолға алынатынын атап өтті. 

2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз.  Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс орнында оқыту, «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Дегенмен, әлі де жеткіліксіз. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет, – деді ол.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Парыз» байқауына қатысушылардың әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсағанын атап өтті. Олар елімізде 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан.

Елімізді өркендетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бизнес өкілдері барынша атсалысуда. Осы орайда мен барша кәсіпкерлерге  шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ осы байқауларға қатысқан кәсіпорындарға арнайы алғыс айтамын. Әсіресе, еңбек ұжымдарын бөлек атап өткім келеді. Бұл марапаттар – көп жылғы қажырлы еңбектің жемісі, – деді Мемлекет басшысы.     

Биыл «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» номинациясын «YDD Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Қарағанды облысы) иеленді, «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша «Агрофирма TNK» (Ақмола облысы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік атанды. «ПО Глобал-Спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Ақтөбе облысы) мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қазақстандық филиалы (Батыс Қазақстан облысы) «Парыз» конкурсының бас жүлдесін иеленді. 

Жеңімпаздарға жүлделерді Премьер-министр Асқар Мамин табыстады.



Өзгелердің жаңалығы