Польшада «Димаш» радиостанциясы іске қосылды

23 Тамыз 2020, 10:35
1759
Бөлісу:
Польшада «Димаш» радиостанциясы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. жоба Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын насихаттауға бағытталған.

Польшада қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері «RadioDimash.pl» радиостанциясын іске қосты. Жаңа радиостанцияның өз хабар тарату студиясы және радио мазмұнын тарататын жеке платформасы бар. Идея авторлары жоба Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын Польшада насихаттауға және дамытуға бағытталғанын айтады.

RadioDimash.pl - Димаш Құдайбергеннің польшалық БАҚ-та жоқтығына байланысты біздің берген жауабымыз. Бұл радиохабар тарататын ресми тіркелген станция. Ол өз хабарларын жеке платформасы арқылы және басқа да платформалар арқылы таратады. Радиостанция TuneIN, Spinitron, SoundCloud, Twitter және т.б. байланысты, - делінген Димаштың Польшадағы фан-клубының Facebook-тегі парақшасында.

Радиостанияның бағдарламалар жоспары мен кестесі белгіленген хабар тарату студиясы бар. Сондай-ақ, интернетте онлайн трансляция жасауға және трансляциялар мен подкасттар шығаруға арналған студия бар. Болашақта ол тақырыптық музыкалық блоктар, репортаждар, сұхбаттар, онлайн-трансляциялар, әдеби және саяхат шоуларын, ересектер мен балаларға арналған түпнұсқа шоулар, тыңдаушылардың қатысуымен тікелей эфирлер (телефон қоңыраулары мен чат) өткізетін болады.

«RadioDimash.pl» радиостанциясында Димаштың музыкасы басым болатыны анық, бірақ Димаштың шығармашылығына стилі жақын өзге де поляк және шетелдік орындаушылардың да шығармашылығына орын болады. Біз Димаштың Польшада және әлемге танылғанын қалаймыз, елімізде оның жеке концертін асыға күтеміз, - дейді жоба авторлары.

Жоба авторлары «RadioDimash.pl» радиостанциясының бүкіл әлем бойынша Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерімен ынтымақтастыққа ашық болып қала беретінін жеткізді.  Радио сайты: http://radiodimash.pl  және РадиоДимаш. Трансляция Windows, Android, iOS платформаларында қолжетімді.
Өзгелердің жаңалығы