Бас жаңалықтар
Полицейлер Астанадағы "қауіпті" дәмханалардың тізімін жариялады
18 Қаңтар 2019, 09:41 770

Полицейлер Астанадағы "қауіпті" дәмханалардың тізімін жариялады

Астана, BAQ.KZ. Елордаданың полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғаларына қатысты жүргізілген мониторингтің нәтижесін жариялады.


Ведомствоның мәліметеріне сәйкес, Астанада мыңға жуық ойын-сауық мекемесі бар. Құқық бұзушылықтар мен қылмыстар осы мекемелерде немесе олардың жанында жиі жасалады.

2018 жылдың қорытындыларына қарағанда Астана қаласы полиция департаменті жедел басқару орталығының «102» телефонына қаланың ойын-сауық мекемелерінде (дәмханалар, мейрамханалар, клубтар) орын алатын қоғамдық тәртіпті бұзу, бұзақылық, төбелес, мүлікті ұрлау фактілері туралы 13588 хабарлама келіп түскен.

«Әкімшілік құқық бұзушылықтар, тонау, ұрлық, жарақаттау фактілері туралы хабарламалар көбіне мына мекемелерден келіп түседі: «Шымкент» дәмханасы (Сейфуллин к-сі) – 318 хабарлама, «Парагон» дәмханасы (Күйші Дина к-сі) – 274 хабарлама, «Дастархан» дәмханаларының желісі – 232 хабарлама, «Реал» дәмханасы «Абай д-лы) – 200 хабарлама», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бірқатар мекеменің лицензияланған күзет қызметі немесе сапалы бейне-бақылау жүйесі жоқ. Ойын-сауық мекемелерінің үзіліссіз жұмыс режимі келушілер мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін, сондай-ақ, жақын маңдағы үйлерде тұратын тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге кедергі келтіреді. Ойын-сауық мекемесі ғимараттың бірінші қабатында немесе тұрғын үй алаптарының маңында орналасқан үйлердің тұрғындарынан тыныштық қағидатын бұзу оқиғалары және заңсыз әрекеттер туралы шағымдар жиі түседі.

Тәртіп сақшылары әр ойын-сауық мекемесі бойынша тиісті алдын алу шараларын жүргізеді, жағдайды үнемі бақылап отырады. Заң бұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда, мекеме иесінің олқылықтарды жоюына уақыт беріледі. Ал құқық бұзушылықтар қайта орын алған жағдайда, заңнама аясында айыппұл санкцияларын салу, мекеменің алкогольді ішімдіктер мен басқа да ішімдіктерді сату қызметіне шектеу қою, тіпті мекеменің лицензиясын алу және мекемені жабу сияқты қатаң шаралар қолданылатын болады.

Қоғамдық тәртіпті бұзу оқиғаларына жол бермеу және құқық бұзушылық фактілеріне қатысты жедел әрекет ету аясында қылмыстар жиі жасалатын қаладағы ойын-сауық мекемелерінің маңында полицияның кешенді күштерінің жасақтары жұмыс істейді. Демалыс және мереке күндері қаланың ойын-сауық мекемелерінің аудандары полицияның қосымша жасақтарымен қоршалады. Бұл айда елорданың тәртіп сақшылары қаланың ойын-сауық мекемелеріндегі қауіпсіздік проблемаларын талқылау, мекемелерді техникалық құралдармен жабдықтау және күзет кәсіпорындарының жұмысына қатысты мәселелер бойынша тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында кеңейтілген форматта кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Сізден жаңалық