Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысының коронавирус жұқтырған тұрғыны Ресейдің Омбы қаласынан келген. Онымен байланыста болған адамдардың барлығы оқшауланды.
Петропавл қаласының тұрғыны коронавирус жұқтырғандығы туралы ақпарат расталды. Бұл жөнінде Хабар24 арнасының тікелей эфирінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тимур Сұлтанғазиев айтты. Сырқатқа шалдыққан адам 27 жастағы студент. Ол Омбы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алады.
Ол 23 наурыз күні Омбыдан пойызбен келген. 24-і күні дене қызуы көтеріліп, сырқаттанып қалған. Сараптама оның коронавирус жұқтырғанын растады. ҚОсымша сапартама алынып, Алматы қаласына жіберілді. Облыс орталығында коронавирусқа шалдыққандарды емдеу үшін 300 орын әзірленді. Тағы 500 карантиндік кереует бар. Дәрігерлер 2 мәрте оқу курстарынан өтті. Қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, - деді Тимур Сламжанұлы.
Сырқатпен анасымен тұрады. Одан басқа адамдармен қарым-қатынас жасамаған. Пойызда бірге келген жолаушылар анықталып, оқшауланған.
Баршаңызды мүмкіндігінше сыртқа шықпай үйде отыруға, барлық сақтық шараларын сақтауға шағырамын. Қолдарыңызды жиі жуып, сақтанып жүріңіздер, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі.
Еске салсақ, Қазақстандағы коронавирус бойынша 24 наурыздағы 23:20 сағаттағы жағдайға сәйкес екі облыстан, яғни Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан індет жұқтырғандар анықталды.