Павлодарда шомылу маусымында су айдындарын бақылау күшейтіледі

28 Мамыр 2019, 15:56
2065
Бөлісу:
Павлодарда шомылу маусымында су айдындарын бақылау күшейтіледі
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің құтқарушылары алдағы шомылу маусымында рұқсат етілмеген жерлерде суға түсетін азаматтарға қатысты қауіпсіздік шараларын күшейтпек. Судағы оқыс жағдайға жол бермеу үшін қоғамдық тәртіпті бұзғандар ескертумен құтыла алмайды, оларға әкімшілік айыппұлдар салынады.

Айта кетейік, былтыр облыстағы өзен-көлдерде 46 адам батып кете жаздаған. Олардың 25-сі – бала. Қуанышқа орай, 22 адам құтқарылды. Ал 24 адам суда көз жұмды.

Павлодар облыстық жедел-құтқару отряды басшысының орынбасары Серік Шериаздановтың мәліметінше, шомылу маусымы ресми түрде табиғи-климаттық жағдай тұрақталғанда және жағажайлар реттелгеннен кейін ашылады.

«Облыс әкімінің «Павлодар облысындағы су шаруашылығы ғимараттары мен су нысандарындағы демалыс, спорт, туризм орындарын бекіту» қаулысына сәйкес рұқсат етілмеген жерлерде шомылатын тұлғаларға қатысты әкімшілік жаза тағайындалады. Рейдтік шаралар барысында заңға қайшы әрекеттер тіркелсе, осындай шара қолданамыз. Айыппұл көлемі – 2 АЕК», - дейді Серік Шериазданов.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні Ертіс өзеніндегі су температурасы +15 градусты құрайды. Дәрігерлер шомылуға тек +20 градус болғанда рұқсат етеді.

Жалпы, маусымда облыс аумағында 17 коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Облыс бойынша 192 өзен-көл бар. Су айдындарының ең ірісі – Ертіс өзені. Құтқарушылардың айтуынша, Ертісті жайлаған елді мекендердің барлығы стихиялық жағаларда шомылады. Саладағы қиындықтарға қарамастан, қоғамдық құтқарушылардың саны артып, мамандар күшейтілген режим кестесіне көшеді.

Өзгелердің жаңалығы