Павлодарда салынып жатқан ғимарат қирап, 3 адам ауруханаға түсті

17 Маусым 2021, 22:47
1612
Бөлісу:
Павлодарда салынып жатқан ғимарат қирап, 3 адам ауруханаға түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда құрылыс жүріп жатқан үй құлап, салдарынан үш адам жарақат алды. Зардап шеккендер №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. 

Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. 

Департаменттің мәліметіне қарағанда, Павлодарда Торайғыров көшесі, 75/3 мекен жайында салынып жатқан үш қабатты үй жартылай құлаған. Оқиға туралы хабарлама сағат 19:39-да келіп түскен. Оқыс жайттың болуына едендердің бұзылуы себеп болған. Екі қабаттағы құлаған аумақтың алаңы - 60 шаршы метр. 

Төтенше жағдай орнына Павлодар облысы ТЖД-ден 12 қызметкер мен 3 техника, апаттар медицинасы орталығынан 3 қызметкер және 1 техника жедел шықты. 

Павлодарда салынып жатқан ғимарат қирап, 3 адам ауруханаға түсті

Құтқарушылар зардап шеккен үш ер адамды тапты. 1987 жылғы ер адам жабық бассүйек ми жарақаты, бас миының шайқалуы, санның жыртылуы, 1996 жылғы ер адам жабық бассүйек ми жарақаты, бас миының шайқалуы, оң қолының жыртылуымен жəне 1993 жылғы ер адам нақтыланбаған диагнозбен ауруханаға жеткізілді. 

Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері алғашқы медициналық көмек көрсетті» деп хабарлайды ТЖД. Құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр.



Өзгелердің жаңалығы