Павлодарда Ertis Promenade жобасының екінші маусымы басталды

2 Маусым 2019, 09:41
2966
Бөлісу:
Павлодарда Ertis Promenade жобасының екінші маусымы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаз бойы отандық және шет елдік әртістер өнер көрсететін Ertis Promenade жобасының биылғы маусымын облыстан шыққан эстрада жұлдыздары бастады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

1 маусымда Павлодар қаласының төменгі жағалауында орналасқан Ertis Promenade сахнасында жазғы өнер маусымы туын желбіретті.

«Өңірімізде осындай жоба жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымыз. Өйткені жоба тұрғындардың көңілінен шығуда. Келіп концерт тамашалап, сүйіктілеріне айналған өнерпаздарды тыңдап, демалып қайтады. Жұртымыз риза деген ойдамын. Биылғы маусым көрермендерді қуантатынына сенімдімін», - дейді «Шаңырақ» облыстық орталығының директоры Риза Аяпбергенова.

Жобаның 2019 жылғы маусымын Павлодар облысының тумалары, бүгінгі Қазақстан эстрадасының жұлдыздарына айналған әншілер Меруерт Түсіпбаева, Роза Мұқатаева және Ринат Мальцагов ашты. Танымал әншілер сахнада өнер көрсету барысында жағалауда шыбын-шіркейдің жоқтығына назар аударды.

«Павлодардың сары масасы мен шіркейі бәрімізге таныс. Мен бүгін сахналық киімімді әдейі масаға қарсы қатты материалдардан таңдап едім. Күндізден бері байқасам олардың ешқайсысы көзге түспейді. Менің жоспарымды бұзды, алайда қансорғыш жәндіктердің көзін құртумен жұмыс жасаған адамдарға алғыс айтамын», - дейді Меруерт Түсіпбаева.

Соңғы кезде ән айтумен қатар, киноға түсуді де қолға алып жүрген Роза Мұқатаева өзінің жоспарларымен бөлісті.

«Павлодарда өнер көрсеткен сайын толқимын, себебі, бұл менің туған өлкем. Көрермендердің көбісі танысым болып шығады. Жақындарымның алдында сағынышымды әнмен жеткізіп, шығармашылығымның дамып жатқанын көрсеткім келеді. Бүгін 4 ән айтамын. Оның бірі Жастар жылына байланысты жарыққа шыққан – «Қазақ жастары» әні. Жаз уақыты мен үшін «кино» мауысымы болып саналады. Алдағы уақытта екі кино жобасы бар. Екеуі екі түрлі. Алғаш рет жағымсыз рөлде ойнаймын. Олар осы жылы көрермен назарына ұсынылады деген ойдамын», - дейді Роза Мұқатаева.

Ertis Promenade сахнасында жұлдыздар әр апта сайын демалыс күндері өнер көрсетеді. Еске салайық, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ресми сайтындағы сауалнамада әр тұрғын Ertis Promenade жобасына шақырылатын жұлдызды таңдай алады немесе ұсынуға болады.

Өзгелердің жаңалығы