Павлодар облысында отандық вакцинаны мыңға жуық тұрғын алды

5 Мамыр 2021, 12:17
1811
Бөлісу:
Павлодар облысында отандық вакцинаны мыңға жуық тұрғын алды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысы бойынша 54 мыңға жуық азамат «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентін алды. Ал екінші компоненті 16 мыңнан астам тұрғынға салынды. 

Ал QazVac екпесінің бірінші компонентін 908 павлодарлық алып үлгерді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің хабарлауынша, отандық вакцинамен иммундау барысында халық арасында денсаулыққа қатысты шағымдар тіркелген жоқ.

Аймақтың денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме көңіл көншітерлік. Мамандарымыз қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде амбулаторлық бақылауға 1300-ден астам науқас алынған. Стационарлық жағдайда 700 пациент ем қабылдап жатыр. Бүгінде облыс бойынша жылжымалы медициналық кешендер екпе шараларын жүргізіп жатыр. Вакцина аламын деушілер баршылық. Мәселен соңғы тәулікте 3600 адамға екпе салынды. Бұған дейінгі күндері бір тәулікте 5 600 адам қабылдаған күндер болды. Күніне кем дегенде мың адам екпе алуға ниет білдіріп жатыр, - дейді Айдар Сейітқазинов.

Бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орындардың 36%-ы толық. Ал карантиндік орындардың 60%-дан астамында науқастар жатыр. 

Сала мамандарының хабарлауынша, 12 пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 

Осы уақытта коронавирустық инфекция 90 балада анықталып отыр. Бүгінде олардың 28-і стационарларда емделіп жатыр.


Өзгелердің жаңалығы