Павлодар облысында 39 адамды үсік шалды

28 Қаңтар 2019, 12:16
3501
Бөлісу:

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің тұрғындарын саршұнақ аяз қысты. Синоптиктердің болжамынша, алдағы уақытта ауа температурасы -38-40 градусқа дейін төмендейді.

Аймақтағы білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін өңірдегі 355 мектепте білім беру үрдісі тоқтатылды. Яғни, 58 мыңнан астам оқушы мектепке бармайды. Бүгін сынап бағанасы -32 градусты көрсетті.

«Павлодар қаласының 1-9 сынып оқушылары үшін сабақ жоқ. Ауа температурасы -31 градусқа төмендесе, желдің жылдамдығы секундына екі метрге жетті. Ал Баянауыл, Ертіс, Павлодар және Шарбақты аудандарында аяз -33 градусқа дейін төмендеді. Желдің жылдамдығы секундына 5 метрге жетті», - деп хабарлады мекемеден.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның хабарлауынша, қақаған аяздың алғашқы құрбандары бар. Соңғы тәулікте екі ер азаматты ІІ және ІІІ деңгейлі үсік шалды. бірі – 28-де, екіншісі - 32 жастағы ер азамат. Зардап шеккендер емханаларға жедел жеткізіліп, тиісті ем-дом шараларын алып жатыр.

Павлодар қалалық №1 ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Марат Қанжиғалиннің айтуынша, қыс басталғалы үсік шалудың 39 оқиғасы тіркелген.

«Бүгінгі күні жеті адам күйік бөлімшесінде ем алып жатыр. Соңғы тәулікте аураханаға 28 жастағы ер азамат түсті. Ол Шарбақты ауданында жолға шығып, жоспарлаған жеріне жете алмаған. Салдарынан қол-аяғы үсіп қалды. Қазіргі уақытта денсаулық жағдайы тұрақты. Облыс тұрғындарына алыс жолға шықпаған абзал. Үсіктің арты мүгедектікке апаратынан ұмытпаған жөн», - дейді Марат Қанжиғалин.

Айта кетейік, өңірдегі жедел қызмет құрылымдары күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Ақмаржан ӘДІЛБЕК

     

Өзгелердің жаңалығы