Енді партиялық тізімде әйелдер мен жастардың үлесі 30%-ды құрайды

21 Мамыр 2020, 17:04
1771
Бөлісу:
Енді партиялық тізімде әйелдер мен жастардың үлесі 30%-ды құрайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында жазды.

Бүгін Сенат сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға түзетулерді мақұлдады. Соған сәйкес саяси партияларды тіркеу саны екі есеге қысқарды және партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастардың үлесі міндетті түрде 30 пайыз құрау жөніндегі норма енгізілді, - деді ол.

Оның айтуынша, осы өзгерістер былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен президенттік саяси реформалар пакеті аясында жарияланған.

Енді, міне, бүгін сенаторлар бұл жаңа нормаларды мақұлдады. Аталған нормалар маңызды саяси жаңалық болып табылады. Мысалы, мәслихаттардағы 3 335 орынның – тек 740 орның ғана әйелдер алып отыр. Жалпы республика бойынша 53 депутат – 29 жасқа дейінгі жастар. Ал сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, олардың 44-і аудандық мәслихаттарда, ал облыстық мәслихаттарда – жастар мүлдем жоқ деп айтуға болады, - деді Ерлан Қарин.

Сондықтан бұл нормалар әйелдер мен жастардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге бұдан да кеңірек әрі белсенді қатысуына ықпал етеді.


Өзгелердің жаңалығы