Параны ең көп алатын министрлік анықталды

13 Ақпан 2020, 13:24
2225
Бөлісу:
Параны ең көп алатын министрлік анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова сыбайлас жемқорлыққа бейім мемлекеттік органдарда кімдердің жиі және не үшін пара алатындарын айтты. 

Агенттік жүргізген мониторинг бойынша орталық мемлекеттік органдардың ішінде жемқорлық ең көп жасалатын 5 министрлік анықталды. Олар ІІМ, қаржы, қорғаныс, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрліктері. 

Мысалы, Ішкі істер органдары жүйесінде тергеушілер қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны үшін, облыс аумағынан тыс жерге шығу үшін пробациялық бақылауда тұрған адамдарға құжаттарды жедел ресімдегені үшін пара алған. ТЖ бөлімшелерінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша шараларды қолданбағаны үшін, сондай-ақ жұмысқа орналасу кезінде жалпы қамқорлығы үшін заңсыз сыйақы алған. Полициядағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары республиканың барлық өңірлеріне тән, алайда 2019 жылы ең көп сотталғандар Нұр-Сұлтан (42 қызметкер), Алматы (26) және Шымкент қалаларының (23) полиция департаменттеріне тиеселі, – деді Анар Жарова.

Оның сөзінше, Қаржы министрлігі сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың саны бойынша екінші орында, яғни онда 49 жемқорлықпен ұсталған.

Мұнда мемлекеттік кіріс органдары барынша теріс статистика көрсетіп тұр. Аймақ бойынша ең нашар жағдай – Алматыда. Онда мемлекеттік кіріс органдарының 10 қызметкеріне қатысты айыптау үкімдері шыққан. Үшінші орындағы Қорғаныс министрлігінде 2019 жылы 28 лауазымды тұлға мен әскери құрамалардың әскери қызметшілеріне қатысты үкім шыққан. Көп жағдайда – бұл басшылық құрам (28 адамның 20-сы). Яғни, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері көбінесе жалған іс-сапарларды ресімдеу және жеке құрамға сыйақы беру, әскери киім-кешекті, жанармай мен өзге де мүлікті есептен шығарудың жалған актілерін жасау жолымен ұрлық жасаған, - деді Агенттік өкілі. 

Оның мәліметі бойынша, Индустрия министрлігінде ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстар Көліктік бақылау инспекциясында және министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында жасалған.

Көп жағдайда ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары автокөлік жолдарын жөндеу, қайта жаңарту бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін пара алған. 2019 жылы 19 адам сотталған Ауыл шаруашылығы министрлігінде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының едәуір бөлігін ведомствоға бағынатын ұйымдарының қызметшілері жасаған. Олар көп жағдайда әртүрлі сапарларға іс-сапарға жіберу үшін, сондай-ақ жалған жұмысқа орналасу үшін пара алған. Яғни, бюджет қаражатын ұрлау жалған іссапарларды ресімдеу жолымен жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді А.Жарова.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің нәтижелерін ескере отырып, жемқорлыққа барынша бейім органдарға ішкі талдау жүргізу ұсынды.

Бұған дейін, 2020 жылдың 15 ақпанынан бастап, Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған тұлғаларды көтермелеу қағидаларына түзетулер күшіне енгені хабарланған болатын

Сондай-ақ, "Екібастұз қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі" ММ басшысы жеке үйге қосымша жер телімін рәсімдегені үшін 50 мың теңге пара алды деп күдікке ілінген болатын. Оған сот үкімімен 1 млн 250 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Өзгелердің жаңалығы