Бас жаңалықтар
Халықаралық паралимпиадалық комитет қазақстандық спортшыларды қолдайды – Парсонс
31 Қаңтар 2019, 09:55 1127

Халықаралық паралимпиадалық комитет қазақстандық спортшыларды қолдайды – Парсонс

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық паралимпиадалық комитет президенті Эндрю Парсонс Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Бұл халықаралық ұйымның еліміздегі паралимпиадалық қозғалысқа аса назар аудара бастағанын білдіреді.


Эндрю Парсонс келе сала өткен жылы шілде айында ашылған Паралимпиадалық жаттығу орталығын аралады. Арнайы қонаққа орталықты Қазақстанның ҰПК президенті Қайрат Боранбаев таныстырды. Бұдан бөлек ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, Паралимпиадалық ойындардың чемпионы Александр Колядин мен Зүлфия Ғабидулина бастаған спортшылар жиналды.


Ғимаратты аралап болған соң арнайы баспасөз мәслихаты өтті. Онда елдегі паралимпиадалық қозғалыстың дамуы мен Астанада шілде айында өтетін пауэрлифтингтен әлем чемпионатына дайындық барысы талқыланды.

«Қазақстанға алғаш рет келуім және сіздің еліңіз паралимпиадалық спорт түрлерін дамытып жатыр. Әлем бойынша сіздердегідей тамаша жаттығу орталығын жиі көрдім. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталық әлемдік стандарттарға сай. Менің ойымша, мемлекет жақсы дамып жатқанда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығына баса назар аудара бастайды. Біз Қазақстан үшін олардың құқығы қаншалықты маңызды екенін білеміз. Сондықтан біздің келгеніміз Ұлттық паралимпиадалық комитетке, параспортқа, параспортшыларға және инфрақұрылымды дамытуға қолдау болады. Қазақстан - Халықаралық паралимпиадалық комитеттің орны бөлек серіктесі және мұндай қолдау сіздердің спортшыларыңызды жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуіне септігін тигізеді», - деді ХПК президенті.


Бүгін Эндрю Парсонс ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевпен кездесіп, Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыстың перспективаларын талқылайды.

«Ең алдымен, бізді қолдағаны үшін Қазақстанның премьер-министріне алғыс айтамыз. Алдағы жоспарлар мен ахуалдағы жағдайды талқылаймыз», - деп бөлісті ол.


Қайрат Боранбаевтың айтуынша, ХПК президенті Астанада екі күн болады. 

«Парсонс мырзаның келудегі негізгі мақсаты, біздегі параспорттың даму деңгейімен және ол үшін жасалған мүмкіндіктермен танысу. Екікүндік сапар аясында параспорт тақырыбына арналған бірқатар маңызды кездесу жоспарланып отыр. Аталған халықаралық комитетпен біз тығыз байланыстамыз. Оның дәлелі соңғы 3 жылда ұлттық комитет халықаралық комитеттің паралимпиадаға арналған бірнеше жобалық грантын ұтып, оны өз елімізде жүзеге асырып келеміз», - деді Қазақстанның ҰПК президенті.


Паралимпиада ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидулина халықаралық ұйымның біздің елімізге келуінің маңызы жоғары екенін жеткізді.

«Мен спорттың бірнеше түрін көрдім. Мен жүзуді емес, жүзу мені таңдады. Жеңіс түгілі, тіпті үштіктің өзіне кіруді ойламағанмын. Бірақ менің жаттықтырушым сенді. Ол үшін оған алғыс айтамын. Сол жеңістерден кейін сенімділік пайда болды. Біз де жасай аламыз деген үміт оты жанды. Халықаралық паралимпиадалық комитет президентінің қасында отырамын деп армандап та көрмеп едім. Бүгін осындай бақыт бұйырып тұр. Қуанышымтымын. Бұл Қазақстандағы паралимпиадалық қозғалыс тағы бір серпін беретінін білдіреді», - деді спортшы.


Айта кетсек, Халықаралық паралимпиадалық комитет – жазғы және қысқы паралимпиадалық ойындарды ұйымдастыратын жетекші орган. Сонымен қатар паралимпиадалық 10 спорт түрінен халықаралық федерация ретінде қызмет етеді. Әлем чемпионаты мен басқа да жарыстардың өтуін ұйымдастырады.

Бүгінде ХПК мүшелігінде 180 ұлттық паралимпиадалық комитет, төрт аймақтық ұйым, 15 халықаралық спорт федерациясы және мүгедектерге арналған 4 халықаралық ұйым бар.





Фото: Нұржас Жақсыбай

Рахиля Бекназарқызы

 

Загрузка...

Сізден жаңалық