Өзен бойындағы иесіз бөгеттер анықталады

13 Мамыр 2021, 19:26
2292
Бөлісу:
Өзен бойындағы иесіз бөгеттер анықталады
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Ойыл өзеніндегі ағынды тежеп тұрған бөгеттер мен кедергілерді анықтауға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі арнайы комиссия жөнелтеді.

Жылдар бойы су тапшылыын көрген Атырау облысы Қызылқоға ауданының белсенділері экспедиция ұйымдастырып, Ақтөбе облысынан бастап дрон құрылғысымен өзеннің арнасын бейнежазбаға түсірген. Осылайша олар 40-қа жуық иесіз бөгеттерді анықтаған.

Соңғы жылдары Атырау облысы Қызылқоға ауданына Ойыл өзенінің су жетпей қалды. Жергілікті халық судан таршылық көрді. Өзенді жағалап отырған ауыл шаруашылығына ауыр тиді. Қызылқоға ауданы жанашырлары, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда ауылының азаматтары осы мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Мақсатымыз Ойыл өзенінің тартылу себептерін анықтау болатын. Сол үшін 4 рет экспедиция, 3 конференция ұйымдастырдық. Ойыл өзенінің тартылуы құрғақшылықтан ғана емес екенін байқадық. Экспедиция кезінде өзеннің бастауы Ақтөбе облысы аумағында иесіз бөгеттер көп. 40-қа жуығын көрдік. Өзенге құятын барлық сайлар, жыралар тегістей бітеліп жатыр, - дейді Атырау облысы Қызылқоға ауданы тұрғыны Есенбай Нұров.

Өзен бойындағы иесіз бөгеттер анықталады

 Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясы басшылары белсенділер бейнежазбаға түсірген бөгеттер Ақтөбе облысының коммуналдық меншігінде жоқ екенін айтады. Сондықтан шарасын алуға арнайы комиссия құрылған.

Ойыл өзенінен келетін су көзі 127 млн.текше метр болатын. Бірақ соңғы жылдары күрт түсіп кетті. Бұл көктемде жаңбырдың, қыста қардың жоқтығынан болып отыр. Себебі біздің өңірдегі Жайық-Каспий бассейндік өзендердің барлығы сулылығының 95 пайызы бұл көктемгі жауын-шашын мен қысқы қардың көлеміне байланысты. Ал белсенділер түсірген бейнежазбадағы бөгетердің біз тізімін жасадық. Ақтөбе облысының атқарушы органдарна ресми хат жолданды. Бұл минситрліктің де бақылауында. Бірер күнде арнайы комиссия іссапарға шығады, - дейді Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин.

 Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратында Ақтөбе облысының аумағында 2 коммуналдық меншіктегі су қоймасы және 124 бөгет есепте тұр. Сондай- ақ, облыс аумағында республикалық меншіктегі ГТҚ – 8 бірлік, жеке меншіктегі ГТҚ-22 бірлік бар. Ал атыраулық белсенділердің бейнежазбасындағы бөгеттер мен өзге де су тіреуіш құрылыстар тізімінде жоқ екендігі анықталған.

Өзгелердің жаңалығы