Министр: Шәрбану Бейсенованың еңбектері шетелде де сұранысқа ие

13 Мамыр 2021, 19:12
2369
Бөлісу:
Министр: Шәрбану Бейсенованың еңбектері шетелде де сұранысқа ие

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова көрнекті қаламгері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенованың «Ұрпағына ұран болған аналар» атты танымдық-көпшілік жинағы туралы пікір білдірді.

Өткен айда еліміздің көрнекті қаламгері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсеновамен кездесіп, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуы туралы сұхбаттасқан едік. Шәрбану Қонақбайқызы бұдан бұрын жарық көрген «Топжарған қыздар», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Сүзгенің соңғы күндері» атты кітаптары арқылы көпшілікке таныс. Ұзақ жылдар бойы әдеби басылымдарда қызмет етіп, ұлттық әдебиетіміздің дамуына өзінің қолтаңбасымен үлес қосқан белгілі жазушы - деп жазды министр.

Министр: Шәрбану Бейсенованың еңбектері шетелде де сұранысқа ие

Соңғы жылдары қадірлі қаламгердің «Ұлы Дала арулары» сериясымен шыққан туындылары елімізде ғана емес, шет елдер де кеңінен таныстырылды. 

«Сүйінбике – ұлы дала аруы» атты кітабы татар оқырмандары тарапынан жоғары бағасын алған болса, «Бозоқ аруы» атты кітабы түрік тіліне тәржімаланып, Анадолыдағы бауырларымыздың ықыласына бөленді. Жуырда аталған серияның «Ұрпағына ұран болған аналар» атты үшінші кітабы жарық көрді. Кездесуде автор өзінің қолтаңбасымен осы үш кітапты өзіме тарту етті. Авторды шын жүректен құттықтай келе, өзіне шексіз алғысымды білдіремін. Негізі, біздің буынның кітапқа деген құрметі зор ғой. Жоғары бағалаймыз. Бала кезімізден бір-бірімізге кітап сыйлауды, оқыған шығарма туралы пікір айтуды дәстүрге айналдырған болатынбыз. Осы игі дәстүрді құрбы-жақындарымызбен кездескенде әлі күнге дейін жалғастырып отырамыз - деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қатар министр жазушының «Ұрпағына ұран болған аналар» атты танымдық-көпшілік жинағы туралы пікірімен бөлісті. 

Бұл кітапқа ел тарихында есімі ерекше аталатын аяулы аналарымыздың ұлтқа үлгі, ұрпаққа өнеге боларлық тағылымдары, елдікті нығайтудағы ерекше іс-әрекеттері туралы бірнеше автордың танымдық жазбалары құрастырылып енгізілген екен. Кітап үш бөлімнен тұрады. Бөрте ханым, Ақсұлу, Домалақ ана, Қызай ана, Мұрын ана, Абай ана, Қойсана ана, Қаламқас апа, Бопай ханша, Айғаным ана, Зере әже сынды қазақтың аңыз да, абыз аналары туралы қызықты материалдар топтастырылған. Кітапты оқып отырып, асыл аналарымыздың тарихқа, тарихи оқиғалардың дамуына қалай бағыт-бағдар бергеніне, «Отан – отбасыдан басталады» деген ұлағатты сөздің қаншалықты рас екеніне көз жеткізесіз - дейді министр.

Қазақ анасын – отбасының темірқазығы, ал қыз баласын – болашақ ана деп санаған. «Арпа ішіндегі бір бидай» деп, қызды төріне отырғызған. Өйткені ананың ұрпақты сақтап қалудағы орны мен рөлі өте зор. Кітаптың негізгі идеясы да осы.

Кітапта «Әулие келін» атанған Найман атаның келіні Ақсұлу, «Қызай ана» болып аталып кеткен Бәйдібек би мен Домалақ ананың әулие текті қызы Күнбибі, Ағыбай батырдың анасы Қойсана ана секілді аналардың келін болып түскен жерге қалайша тектіліктерін танытып, ақыл-парасатымен абысындарын, қайын жұртын айрандай ұйытып, ағайын-туыстарын бір-біріне жақындастырып, ауыл-аймақтың береке-бірлігін арттырып, ерекше құрметке бөленгені тамаша баяндалады. Соның ішінде түрлі оқиғалары арқылы әулие аналардың ұрпақты қалай сақтап қалып жалғастырғандығы және үлкен әулетке айналдырғандығы шебер айтылады - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Ол тарихи тұлғалардың өмірбаянымен танысып отырып, көрнекті жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы еске түсетінін айтты. 

Бұл шығармада Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде Айша сияқты аналарымыздың ұлтты сақтап қалу жолында жасаған ерлігі, ана мейірімділігі арқылы ызғарлы жылдардың отын қалай сөндіргендігі туралы шебер жазылады. «Ай мен Айша» романы сол кездегі аналарға арнап жазылған биік ескерткіш болса, Шәрбану Бейсенованың «Ұрпағына ұран болған аналар» атты жинағы да абыз аналарымызға арналған үлкен панорама. Әрине, ана тақырыбында жазылған шығармалар, зерттеу еңбектер аз емес. Өйткені бұл – мәңгі тақырып. Ана туралы, ананың мейірімі мен махаббаты туралы, ерлігі мен қайраткерлігі туралы неғұрлым көп жазылса, қоғамның ішіндегі мейірімділік пен сүйіспеншілік арта түседі - дейді министр.

Өзгелердің жаңалығы