Жамаубаев: Өткен жылы бюджеттің басым бөлігі қолдау шараларына жұмсалды

9 Маусым 2021, 10:39
3428
Бөлісу:
Жамаубаев: Өткен жылы бюджеттің басым бөлігі қолдау шараларына жұмсалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәжіліс отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Оның айтуынша, 2020 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы іскерлік белсенділіктің айтарлықтай төмендеуі мен пандемияға байланысты қатаң шектеулер жағдайында жүзеге асырылды. Жалпы ішкі өнім нақты 2,6 %-ға төмендеді.

Министрдің сөзіне сүйенсек, бұл негізінен карантиндік шаралардың енгізілуімен, қызмет көрсету саласының 5,4 пайызға төмендеуімен байланысты.

Дегенмен экономиканың нақты секторы 2 пайыздық өсім көрсетті. Атап айтқанда құрылыс 11,2%, ақпарат және байланыс 8,7%, ауылшаруашылық 5,6%, өңдеу өнеркәсібі 3,9%-ға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 3,4%-ға төмендеді. Бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болды. Бұл әлеуметтік төлемдерді индексациялау, шағын және орта бизнеске салық ауыртпалықтарын төмендету, жұмыспен қамту жол картасы, бизнестің жол картасы, «Еңбек» және басқа да бағдарламалар, - деді ол.

Оның айтуынша, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспар қабылданды.

Зардап шеккен салалардан шамамен жеті жүз мың кәсіпкер салықтық ынталандыру мен жеңілдік шараларымен қамтылды. Шағын және орта бизнес кредиттері жеңілдетілген шарттармен қайта қаржыландырылды. 40 мыңға жуық жобаға арзандатылған несие берілді. Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80%-ы кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мұмкіндігін алды. Осы шаралар іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды сақтауға ықпал етті. Жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталып қалды, - деді министр.

Оның айтуынша, бюджет процесінің икемділігі қамтамасыз етілді. Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі енгізілді. Осындай жағдайда республикалық бюджеттің атқарылуы мынандай көрсеткіштермен сипатталады: бюджет түсімдері 100,3 %-ке орындалып, 12 триллион 49 миллиард теңгені құрады, шығыстар 98,3%-ке игеріліп, 14 трлн 234 млрд теңгені құрады, әлеуметтік шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн теңгеге ұлғайып, 6,6 трлн теңгені құрады. Бұл жалпы республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 47 пайызы.

Өзгелердің жаңалығы