Отбасыма ақша жіберу үшін жұмыс істеп жүрмін – Қазақстандағы ауған қазағы

16 Тамыз 2021, 14:31
13875
Бөлісу:
Отбасыма ақша жіберу үшін жұмыс істеп жүрмін – Қазақстандағы ауған қазағы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауған қазағы Саид Мурсалин Димрал 5 жылдан бері Қазақстанда білім алып жатыр. Ол Ауғанстанда қалған отбасының жағдайы қазір қалай болып жатқанын айтып берді. «Талибан» қозғалысы Ауғанстанды басып алғанын естеріңізге сала кетейік.

Біздің ұлтымыз – қазақ. Ашаршылық кезінде яғни 1932-1933 жылдары Ауғанстанға кетіп қалған едік. Мен Түркістанда 5 жыл халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алдым. Биыл оқуымды жалғастыру үшін магистратураға құжат тапсырдым. Қазақстанда менімен бірге тағы екі ағам бар. Біреуі Алматыда Асфендияров атындағы ҚазҰМУ университетін тәмамдады. Бірақ елге қайта алмады. Екіншісі менің қасымда, Түркістанда медицина саласында білім алып жатыр. Қалғандары Ауғанстанда қалды, - деді ол.

Саид Мурсалин Димралдың айтуынша, ол Қазақстанға оқуға келгелі бері үйіне бармаған.

5 жылдан бері үйге бармаған себебім – жол. Жол өте ауыр. Ол жаққа жету қиынға соғады. Мен Ауғанстанда қазақтар тұратын Бес бала деген ауылданмын. Ол жердегі біраз қазақ 2001-2002 жылдары Қазақстанға оралды. Менің атам немерелерім Қазақстанға барып, өз туыстарын тапса деп армандаған екен. Құдайға шүкір, қазір үшеуміз осы жақта өмір сүріп жатырмыз, - деді ол.

Саид Мурсалин Ауғанстандағы отбасымен қазіргі ахуалға қатысты жиі хабарласып тұратынын айтты.

Біздің ауылды басып алғаннан кейін отбасым басқа ауылға көшіп кетті. Қазір ол жақта жағдай көңіл көншітпейді. Мен осы күндері үйдегілерге ақша жіберейін деп жұмыс істеп жүрмін. Олар соғыстың сергелдеңімен жүр, - деді Саид Мурсалин Димрал.

Ауғанстанды басып алған тәліптердің кім екенін теолог ғалым айтып берген еді.

Өзгелердің жаңалығы