Бас жаңалықтар
Өскемендік полицейлер қару-жарақ асынған адамдарды құрықтады
03 Желтоқсан 2020, 14:51 208

Өскемендік полицейлер қару-жарақ асынған адамдарды құрықтады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ. Қарашаның соңғы аптасында өскемендік полицейлер оқ ататын қару асынған бес қала тұрғынын құрықтап, жауапқа тартты.

Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, құқық бұзушылықтар қарашаның 23-нен 30-на дейінгі аралығында жүргізілген республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық шаралары кезінде анықталған. 15 мобильді топ пен Ұлттық Ұланның 5518 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылған шаралар барысында оқ ататын қару асынған бес адам, оқ-дәрі мен суық қаруды өзімен алып жүрген екі адам құрықталып, жауапқа тартылды.

Бұдан бөлек, жеті күн ішінде профилактикалық есепте тұрған 2106 тұлғаны тексеру мақсатымен тәртіп сақшылары 11 мыңға таяу тұрғынүйлерді аралап шыққан. Тәртіп сақшыларының назарынан тұрмыстық жағдайы нашар 253 отбасы да тысқары қалмады. Тексеру барысында тіркеуде тұрғандардың арасынан 19 тұлғаның тәртіп бұзушылыққа барғаны анықталды.

Сонымен қатар, профилактикалық шаралар аясында 2300 әкімшілік бұзушылықтар анықталып, жол ережелерін сақтамаған 497 жаяу жүргіншіге, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 179 жүргізушіге, сондай-ақ, қоғамдық орынға мас болып келген 488 адамға, тұрмыстық жанжалға барған 92 тұлғаға қатысты хаттамалар толтырылған. Оған қоса, бақылау шаралары кезінде 35 адамның ескерту талаптарын сақтамағаны, кәмелеттік жасқа толмаған 36 баланың түнгі уақытта жалғыз-жарым жүруі сияқты фактілер тіркелген.

Осы уақыт аралығында 234 адам ұсақ бұзақылыққа барып, спирттік ішімдікті заңсыз сатудың 10 фактісі тіркелген.



Фото: дереккөз
Загрузка...