Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланғанын айтты. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдегендей, инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін еліміз бойынша «Ұстау» жоспары жарияланған. Қолдағы деректер барлық аймақтарға жөнелтілген.
"Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшкен. Облыстық және республикалық маңызызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылып, үш облыстың автожолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілді. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты. Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс орыннан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде", - делінген ІІМ таратхан хабарламада.
Қорықшы Қаныш Нұртазиновтың өліміне және қорықшы Самат Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен бірге ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьерліктің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлады.
Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды, 32 адам ұсталды, 634 киік мүйізі,қылмыс құралдары, сондай-ақ, 13 бірлі автокөлік және 19 атыс қаруы алынды. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты. Браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құралын тәркілеу туралы ұсыныстар енгізілді. Табиғат және жан-жануарлар әлеміне қатысты заңдарды бұзушылар келтірген зиян үшін өндірілетін өтемақы мөлшерін арттыру мәселе де пысықталуда.
Орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемін қорғау бөлімшелерінің көліктерін арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтап, білгілі бір түске бояу мәселесі әзірленді.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақмола облысы Жарқайың ауданын барлау кезінде "Охотзоопром" инспекторларына шабуыл жасалған болатын. Қаза тапқан қорықшының артында төрт баласы қалды. Сондай-ақ, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қаза тапқан инспектордың туыстарына көңіл айтқан еді.