Бас жаңалықтар
Қордайдағы төбелес: Тұрғындар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің үстінен шағымданды
PHOTO
24 Ақпан 2020, 09:15 3316

Қордайдағы төбелес: Тұрғындар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің үстінен шағымданды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қордай ауданында болған жаппай төбелеске байланысты өңірдегі полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері 8-20 ақпан аралығында 57 азаматтың жоғалған, өрт шалған, үйіндінің астында қалған жеке куәліктерін қалпына келтіріп берген.

Бұл деректер Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдауында мәлім болды. Жақында ғана қызметіне кіріскен полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов аймақта болған соңғы оқиғаға орай тұрғындардың қандай сауалдары мен мәселелері бар екенін анықтау үшін осындай шара ұйымдастырған. 

Департамент басшысының қабылдауына алғашқы болып келген Қордай ауданының тұрғыны Александра Иванова қазіргі кезде жүргізіліп жатқан қылмыстық істердің тергеу барысы мен мән-жайын білгісі келетінін айтты. Ведомство жетекшісі бұл шаруаны жеке өзі бақылауына алғанын, қылмыстық істердің нәтижесі алдағы уақытта жария болатынын жеткізді.

WhatsApp Image 2020-02-21 at 18.03.02 (1).jpeg

Сондай-ақ, алаяқтардың арбауына түсіп қалған ауданның үш азаматы жер теліміне қатысты проблемаларымен келген. 

WhatsApp Image 2020-02-21 at 18.03.01.jpeg

Жаппай қақтығыстың ошағы болған Масанчи ауылында орын тепкен дәріхананың қожайыны Арайлым Альменова 7 ақпан күнгі төбелес кезінде отбасын асырап отырған дәріхана ғимараты өртке оранып, жеке басын куәландыратын барлық құжаттарынан да айырылып қалғанына шағымданып, жәрдем сұрады.

WhatsApp Image 2020-02-21 at 18.03.01 (1).jpeg

Біз департамент құзыретінде және заң аясында тиісті көмек көрсететін боламыз. 20 ақпанға дейін алпысқа тарта осындай құжаттарды рәсімдедік. Әлі де бұл көмекке зәру азаматтарға тиісінше қол ұшын созамыз, – деді Жанат Сүлейменов.

Құзырлы органдарға қызметке орналасу бойынша сұрақ қойған бірнеше қордайлық азаматқа департамент басшысы бұл шаруаның жолдарын айтып, ең алдымен өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинау қажеттігін түсіндірді.

Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың арасында ауданның полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты шағымданғандары болды. Бұл мәселеге орай Жанат Сүлейменов жеке тексеріс шараларын міндетті түрде жүзеге асыратынын мәлімдеді.

Полиция генерал-майоры қабылдау барысында түскен әрбір арыз-шағымға мұқият назар салып, бірқатар сауалдар бойынша Қордай аудандық полиция бөлімінің басшысына, өзге де жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, азаматтарға керекті құқықтық кеңестер айтылып, барлық өтініш-тілектер басшылық тарапынан қатаң бақылауға алынатын болды.


Фото: автордан
Загрузка...