«Өлім саны күрт өсуі мүмкін»: Цой төсек-орын тапшылығы туралы айтты

27 Шілде 2021, 21:17
2718
Бөлісу:
«Өлім саны күрт өсуі мүмкін»: Цой төсек-орын тапшылығы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің бірқатар өңірінде инфекциялық және реанимациялық төсек-орындардың тапшылығы болуы мүмкін.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Алексей Цой коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында эпидемиологиялық жағдай туралы мәлімдеген.

Денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істейді. Осыған байланысты комиссия карантин режимін күшейту жөніндегі бірқатар шараларды қарады.

Барлық өңірде сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өсті. Солтүстік Қазақстан облысында - 3,5 есеге, Қызылорда облысында - 3 есеге, Ақтөбе облысында - 2,9 есеге, Түркістан облысында және Шымкент қаласында - 2,5 есеге өсуі байқалады,  - деді Цой.

Маусым айымен салыстырғанда орташа тәуліктік сырқаттанушылық 5,2 есе артты. Жалпы республика бойынша өлім жағдайының саны 2 аптада 1,8 есеге көбейді.

Министрдің айтуынша, инфекциялық және реанимациялық төсек-орынның ең көп толуы Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында байқалады.

Егер өткен жылы 3 348 адам сырқаттанса, биыл шілде айында 2 еседен артық. Сондай-ақ емделіп жатқан пациенттер саны 2 есеге артты. Бірқатар өңірде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы болады деген болжам бар. Бұл өлімнің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстары тұр, - деді Цой. 

Сондай-ақ ол қолданылып отырған карантиндік шараларға қарамастан, бірқатар өңірде көп адам баратын салтанатты іс-шараларды өткізу жалғасып жатқанына назар аударды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға мониторингтік топтар жұмысын күшейтуді тапсыруды сұрады.

Денсаулық сақтау министрлігі 2 тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында қосымша шектеу шараларын қабылдауды ұсынды.


Өзгелердің жаңалығы