Бас жаңалықтар
Оқушылар өзге планеталарға арналған агротехникалық кешен моделін жасап шығарды
03 Сәуiр 2019, 17:35 718

Оқушылар өзге планеталарға арналған агротехникалық кешен моделін жасап шығарды

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары алқаптарды қопсыту, тұқым себу, егінді суару және жерді бұрғылау жұмыстарын жүргізуге арналған агротехникалық кешен моделін жасап шығарды. 

Жоба авторларының айтуынша, роботтандырылған техника күн жүйесінің өзге планеталарында жұмыс істеуге қауқарлы.

Қазақстандықтар тұтынатын нанның әрбір үшінші бөлкесі – Қызылжар топырағында өскен бидайдан алынады. Сондықтан оқушылар зерттеу тақырыбын ауыл шаруашылығы саласында атқарылатын жұмысты оңтайландыруға арнаған.


«Ауыл шаруашылығы саласы – адамзат үшін азық-түлік өндірісінің негізгі көзі. Сондықтан біз роботтандырылған жүйе жасап шығару мәселесін қолға алдық. Бұл тек прототип. Біз болашақта аталған агротехникалық кешеннің өндіріске арналған шынайы түрін шығаруды қолға алмақпыз. Мұндай жобалардың адамзаттың өзге ғаламшарлардағы табиғи қорларды игеруге түрткі болатынына сенімдімін. Жер ресурстары таусылып барады. Сондықтан қазірден бастап оның басқа көздерін іздестіруде», - дейді жоба жетекшісі Василий Крючков.


«VIKING» кешені толықтай автоматтандырылған, адамның қатысуынсыз жұмыс істей береді. Жобаға сай, оны станция арқылы басқаруға болады. Балалар роботтандырылған техника моделін жасап шығаруға 1 ай уақыт жұмсапты. Кешен соқа, бұрғылау қондырғысы, күн батареяларымен, жылу, қозғалыс датчиктері, камералармен жарақтандырылған. Сондай-ақ кешен жобасының топырақ құнарлылығын, егін шығымдылығын болжауға мүмкіндік беретін қызметтері бар.


«Бұл кешен арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады. Мәселен машинканы Марс ғаламшарына жібереміз. Бұрғылау қондырғысының көмегімен белгілі аумақтарда қазба жұмыстарын жүзеге асырамыз. Бұл жобаны біз республикалық байқауға апардық. Қазылар алқасының шешімімен 3 орынды иелендік. Ендігі мақсатымыз – зерттеу жұмыстарын әрі қарай жалғастыру», - дейді жоба авторларының бірі Владислав Крупец.


Фото: автордан

Сізден жаңалық